Ұлытау облысында обырдан оңалтар орталық жоқ. Өңір азаматтардың қатерлі ісіктен көз жұму дерегі бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сәтбаев қаласының тұрғыны Дарья Бижан «ұлымның басынан 2,5 жасында ісік анықталды» деп зар жылайды. Өкініштісі, ақ халаттылардың диагнозды уақытылы қоймауынан бала арбаға таңылған. Ол ем алу үшін үшін көршілес қалаға сабылуға мәжбүр.
– Бұл жерде көп уақыт жоғалттық. Үш ай медицина мекемелерінің есігін тоздырдық. Балама нақты диагноз қойып бере алмады. Өзге қаладағы ота сәтті өтті, бірақ дертті уақытылы анықтамағандықтан, баламның жүріп-тұруы нашарлады. Облыс болдық деп қуанамыз, ал медицина жағы әлі ақсап тұр. Білікті дәрігерлер жоқ, зардабын біз көріп отырмыз. Өңірде осы ауруды емдейтін орталық болса қаражат құртып, өзге қалаға бармас едік, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Дарья Бижан
Ал Айдана Алтаеваның бүйрегінен 5 жыл бұрын ісік анықталып, ота жасалған. Бүгінде сол дертті жеңіп шығып қатарға қосылған ол жыл сайын Қарағанды, Астана қалаларындағы медициналық мекемелерге тексеріліп тұратын көрінеді. Оның сөзінше, бұл қалтаға әжептәуір салмақ салады.
– Бұл дертпен ауырған адам 3 ай сайын, жыл сайын дәрігердің қаралады. Ол жаққа бару үшін ақша керек, жеткенше уайым, бәрі – үлкен мәселе. Облыста арнайы орталық ашылуын тілейміз, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Айдана Алтаева.
Облыста онкологиялық диспансер атымен жоқ. Көңілге медеу болатыны – көпсалалы ауруханадағы 30 төсекке шақталған бөлімше ғана. Оның өзі тек дерттің жеңіл сатысын емдеуге қауқарлы.
– Әрине, маман жетіспейді, сондықтан Қарағанды қаласына барып жатыр. Аурудың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. 2023 жылы көзге көрінетін ісігі анықталған 32 адам анықталса, 2024 жылы 20 адамнан анықталды. 2023 жылы былтыр өлім көрсеткіші 41 адам болса, биыл 7 айдың ішінде 72 адамға көбейіп тұр, – деді Көпбейінді аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжаһан Жаркешова.
Қазір өңір басшылығы әсіресе маман тарту ісіне көңіл бөліп жатқан көрінеді. Арнайы бағдарлама аясында басқа қалалардан келетін онколог-дәрігерлерге 7 млн теңге көтерме төлем беру қарастырылған. Биыл кадр тапшылығын азайту мақсатында облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлінген. Ал көптің сұрауы бойынша көпбейінді аурухана ашу да жоспарда бар. Бірақ нақты мерзімі белгісіз.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Астанадағы жедел жәрдем дәрігерлері шақыртуға неге таксимен барып жүр