Алматыда МӘМС көмегімен ем алып, тегін ота жасатқандар саны артқан

13.11.2020 01:30

Алматылықтарға 9 айда құны 37 млрд теңге болатын қызмет түрі көрсетілген

almaty.tv

Жыл басынан бері медициналық сақтандыру қорының көмегімен ем алып, қымбат тұратын ота түрлерін тегін жасатқан қала тұрғындарының саны артқан. Бұрын компьютерлік томография мен лабораториялық зерттеудің көптеген түрі ақылы болса, қазір ол қызметтер тегін. Медициналық сақтандыру қорының мәлімдеуінше, алматылықтарға 9 айда құны 37 млрд теңге болатын қызмет түрі көрсетіліпті. Көптің қалтасы көтере бермейтін мұндай ем түрін тұрғындар тегін алу үшін не істемек керек? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.

Мамандардың айтуынша, биылғы жылы компьютерлік томография мен МРТ қызметіне жүгінушілердің қатары артқан. Бұрын бұл ем түрін тек әлеуметтік санаттағы азаматтар ғана тегін ала алса, биылдан бастап қала тұрғындары үшін оның бәрі сақтандыру қоры есебінен жүргізіліп жатыр.

Бұл – мемлекет тарапынан медициналық сақтандыру қорына қолдаудың артқанын көрсетеді дейді сала мамандары.

«Қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында жасалған шығынның басым бөлігі – 19,4 млрд теңгесі стационарлық көмекке, 6,5 млрд теңгесі консультативтік-диагностикалық көмекке жұмсалды», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Медицина саласында күрделі, бірегей технологиялардың көмегімен, біліктілігі жоғары дәрігерлердің қатысуымен ғана жасалатын ота түрлері бар. Оның құны 1,5 миллионнан  6 миллионға дейін барады екен. Оған жамбас және тізе буындарын алмастыру, жүрекке дефибриллятор қою сынды күрделі оталар кіреді. Мұндай операциялар биылдан бастап қала тұрғындарына медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін жасала бастады. Бүгінде 170-тен астам пациент диагностика саласындағы ең заманауи технологиялардың игілігін пайдаланып үлгерген. Көптің қалтасы көтере бермейтін мұндай ем түрін тұрғындар тегін алу үшін алдымен өзінің тұрғылықты емханасына тіркелуі керек.

«Сол тіркелген емханасы арқылы профильді дәрігерлер ауруханаға жатқызу бюросына тіркейді. Аурудың қалаған орталыққа таңдауына мүмкіндігі бар. Аурумен келісе отырып, оны медициналық мекемелерге тіркейді. Құжаттарын дұрыс дайындап болған соң, ол комиссия екі күннің ішінде шешім қабылдайды. Содан кейін ауруханаға жатқызылатын күні анықталады», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Сала мамандары шұғыл жағдайда ем қабылдау керек болған науқастар үшін де бар жағдай жасалған дейді. Ондай кезде пациенттің сақтандыру статусына қарамай, тегін медициналық көмек көрсетіледі. Алдағы жылы науқастарға сақтандыру қорынан ем алу үшін тағы біраз шарттар жеңілдемек. Ол үшін бюджет есебінен қомақты қаржы бөлу де жоспарланған.  

Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы