Алматылық урологтар зейнеткерге күрделі ота жасады

05.07.2022 01:45

Уролог Бақыт Досқожаевтың айтуынша, дивертикул – қуық қабырғасының қалта тәрізденіп кетуі

пресс-служба ЦГКБ

Алматылық урологтар жоғары технологияның көмегімен зейнеткерге күрделі ота жасады, деп хабарлайды Almaty.tv ОҚКА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталық қалалық клиникалық ауруханада несеп жолдары патологиясымен түскен 66 жастағы пациентке күрделі ота жасалды. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды.

1956 жылы туған ер адам көптен бері кіші дәреті тұрмай ауырған. Тексеру барысында урологтар оған қуық дивертикулі деген диагноз қойды.  

Уролог Бақыт Досқожаевтың айтуынша, дивертикул – қуық қабырғасының қалта тәрізденіп кетуі. Бұл қуықасты безі аденомасы, үрпінің тарылуы, несеп-зәр жолдарындағы ісік, қуық мойнының стенозы сынды аурулар салдарынан туындайтын дерт.

«Ер адамға ота жасау қажет болды. Біз ешбір тіліксіз, шағын инвазивті эндоскопиялық операция жасадық. Эндоскоптың көмегімен жасалатын бұл операция қан кетудің алдын алып, пациенттің тезірек жазылып кетуіне мүмкіндік береді. Зейнеткерге эпидуралды жансыздандыру әдісі қолданылды. Ота 40 минутқа созылды. Пациент ертеңіне аяққа тұрды», - деп атап өтті дәрігер.

Маманның айтуынша, дивертикулді дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін емес, ол тек хирургиялық әдіс қолданылады.