Бұл туралы онколог дәрігердің өзі мәлемдеді
Қалаға қосымша радио антенналары орнатылып жатыр. Мұндағы мақсат – интернет жұмысын жеделдетіп, ұялы байланыс желісін бұрынғыдан да арттыру. Мамандардың айтуынша, бұл жаңа оқу жылында оқушылар мен мұғалімдердің еш кедергісіз байланысып, сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан жұмыстар. Десе де тұрғындар тарапынын байланыс антенналары адам ағзасына зиян деген желеумен шағымдар көптеп түсетін көрінеді. Расымен, солай ма? Бұған сала мамандары мен дәрігерлер не дейді? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатып айтады.
Бүгінгі таңда алақандай осы құралды еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұстайды. Бар шаруа бір тетікті басумен шешіліп жатыр. Сәйкесінше, соңғы уақытта қоғамда өмірге қажетті әрі қолжетімді технологиялар көптеп еніп, телекоммуникация жүйелері жаңарды. Десе де әртүрлі жүйеліктегі диапазоны бар техногенді магнитті өрістердің адам ағзасына зияны жоқ дейді мамандар. Әр радио аннтенаны орнатқан кезде санитарлық ережелер қатаң сақталады дейді мамандар.
«Қаладағы әрбір радиотехникалық аймақ орнатылмай тұрып толық тексерістен өтеді. Ондағы әрбір құрылғы әрбір деталі зерттеуден өтіп барып қондырылады. Олардың сертификаты мен құжаты бар. Қандай да бір базалық станция тұрғындарға ескертусіз, рұқсатсыз жайдан-жай орнатылмайды. Олардың бәрі де біздің қарауымыздан, тіркеуімізден өтеді», – деді Бостандық ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Әбілқасым Елепберген.
Радио станцияларынан бөлінетін толқындар адам ағзасында онкологиялық ауру тудырады деген ақпарат та қауесет. Бұл туралы онколог дәрігердің өзі мәлемдеді. Шетелдік тәжірбиеден өткен ғылыми зерттеудің сараптамасы оң нәтиже көрсетті дейді дәрігер.
«Базалық станцияның адам ағзасына зияны туралы бұған дейін де көп айтылды. Одан онкологиялық аурулардың пайда болуы туралы ғылыми дәлелдеме жоқ. Станцияның толқындары өз аймағында толығымен қорғалған. Радио орталықтан таралған толқынның бәрі қауіпті болса біздің ұстап жүрген телефонымыз бен күнделікті қарап жүрген теледидарымыз да қауіпті болар едіғой», – деді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ директоры Диляра Қайдарова.
Қазіргі қала аумағында қойылып жатқан радио стансалардың барлығы да тұрғындардың келісімінсіз жүзеге аспайды. Сала мамандары құрылғылардың қауіпсіздігі туралы ақпаратты кезең-кезеңімен алматылықтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Радио станса орнатылғаннан кейін тұрғындар интернет желісі мен ұялы байланыс бұрынғыдан да жеделдегенін айтады.
«Біздің тұрғын үйде радио станциясы бұрыннан бар. Орнатылғалы адамдар денсаулығына қатысты шағым айтқан емес. Мамандар орнатар алдында бізбен келісіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қазір керісінше, ұялы байланыс жақсы ұстайды. Интернет жылдамдығы да жоғары», – деді қала тұрғыны Андрей Мельницын.
Антенналар мен ұялы байланыстардан бөлінетін зиянды толқындар шегі 10 микроваб шаршы сантиметрден асса зиян. Сондықтан санитариялық мамандар радиотехникалық нысандардың тығыздық ағымын арнайы аспаптар арқылы тексеріп отырады. Бұл белгілі бір ортадағы қауіптің алдын-алуға бағытталған жұмыстар.