«Алматы» телеарнасы «Мың алғыс саған, дәрігер» акциясын бастады
«Алматы» телеарнасының редакциясына келіп түскен «Мың алғыс саған, дәрігер» акциясына белсенділік танытқан алматылықтардың алғыс хатын назарыңызға ұсынамыз. Қала тұрғындары ақ халатты жандарға алғысын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.
«Мен өзімнің алғысымды Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы дәрігер анестезиолог Ұлыбаев Қайрат Биахметович, Алимханова Гүлшат Нұрмұратқызына айтқым келеді. Қаншама балаларға көмектесті. Тіпті, өз өмірін беруге дайын болды. Барлығыңыздың жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Осындай азаматтар мен азаматшалар көп болсын! №2 жан сақтау ұжымына мың алғыс!» − деп ізгі ниетін білдірді, Алматы қаласының тұрғыны Анарбекова Гүлдана.
«Мен Қалалық №15 емханасындағы отбасылық дәрігер Егембердиева Перизат Абдірәсілқызына және мейірбике Мақсұтова Венераға үлкен рахмет айтқым келеді. Өз жұмыстарына жауапкершіліктері жоғары, нағыз мықты мамандар. Басымнан не өтпеді, неше рет ота жасаттым. Осы кісілердің арқасында аяғыма тік тұрдым. Кейде бір жылы сөздің өзі денсаулығыңа шипа болады. Сіздерге үлкен рахмет ақ халатты абзал жандар. Қалалық №15 емхананың барлық ұжымына үлкен алғыс білдіремін. Сіздердің еңбеңтеріңіз орасан зор. Дәрігерлерге деген құрметім шексіз»,− деді емхананың 7- бөлімшесінің тіркелушісі Динагүл.
«Мен коронавирус пневмониясымен ауырдым. Алты айлық кішкентай сәбиім бар. «Мall Aport ОСК» сауда орталығы жақтағы инфекциялық ауруханада 9 күн жатып шықтық. Аурухананың дәрігерлеріне, мейірбикелеріне, тазалықшыларына, асхана қызметкерлеріне, бүкіл медицина мамандарына үлкен алғысымды айтқым келеді. Осындай қиын кезде өз денсаулықтарын қатерге тігіп, аянбай еңбек етіп жатқандарына басымды иемін. Қалалық №16 емхананың дәрігерлері Сүлейменхан Талшын Тайбекқызына, Абдухалықов Аспан Махмудұлына, Қалалық балалар инфекциялық ауруханасы дәрігері Алмасова Гүлназ Алмасқызына да үлкен рахмет! Мобильді бригада дәрігерлері үйге келіп тексеріп, тегін дәрілерін беріп, мейірбикелері күнделікті жағдайымды сұрап, температураны өлшеп, әрдайым қадағалап жүрді. Алматы қалалық телемедицина орталығының дәрігерлеріне алғыс білдіремін. Күнде хабарласып жағдайымды, шағымдарымды сұрап, біліп тұрды. Дәрігерлерге мың алғыс!» − деді әлеуметтік желі қолданушысы.
«Қалалық №11 емхананың педиатр дәрігері Рабиға Арыстанбековаға және 5- жүкті әйелдер бөлімшесінің дәрігері Балзия Мелсқызына үлкен алғыс білдіремін. Істеріне адал, ұқыпты өте білгір мамандар. Еңбектеріңізге жеміс тілейміз!» − деді тағы бір қала тұрғыны.
«Құрметті ақ халатты абзал жандар! Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, қажымас қайрат, зор денсаулық тілеймін. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Сонымен бірге, інім Сұраншиев Аманжол Жалауұлын мерекесімен құттықтаймын .Балаларыңның қызығын көріп, келін екеуің бақытты ғұмыр кешіңдер», − деді Панфилов ауданы Көктал ауылының тұрғыны Әсемгүл Сабажанқызы.
«Құрметті Ақсай №-2/42а қалалық балаларды оңалдыру орталығы ұжымы! Эльвира Қанатқызы басшылық ететін медицина қызметкерлері, сіздердің «Денсаулығы шектеулі» балалармен жүргізіп жатқан орасан зор қызметтеріңізге барша ата-аналар қауымы атынан ризашылығымызды білдіреміз. Ізгі ниеттеріңіз бен парасатты кеңестеріңіз, тынымсыз еткен еңбектеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Бүгінгі мерейлі мерекелеріңізбен құттықтап, әрбір күндеріңізге сәттілік, таусылмас табыс, қажымас қайрат тілейміз», − деді ҚР Білім беру ісіндегі ерен еңбегі үшін құрмет белгісі иегері, еңбек ардагері Хадиша Қабдолдақызы.
Жарияланған алғыс хаттардың арасынан өз дәрігеріңізге арнаған лебізіңізді көргіңіз келсе, редакциямыздың Whats App нөміріне (+7-747-324-77-07) бейнежазба немесе мәтін түрінде жолдай аласыз.