МӘМС: 60 миллиардтан астам қаражат алматылықтарға тиесілі

24.04.2020 02:09

Алматы қаласы медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу жағынан көш бастап тұр

Фото: zakon.kz

Алматы қаласы медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу жағынан көш бастап тұр. Нақтырақ айтсақ, жинақталған соманың бестен бір бөлігі, яғни 60 миллиардтан астам қаражат алматылықтарға тиесілі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Биылдан бастап енгізілген бұл жүйенің өтпелі кезеңін 1 шілдеге ауыстыру қаншалықты тиімді болды? Ол уақытқа дейін қазақстандықтар медициналық әлеуметтік сақтандыруды қалай пайдаланады?

Бүгінде Қазақстан халқының 16 жарым млнға жуығы сақтандырылса, оның 11 миллионға таяуы әлеуметтік аз қамтылғандар санатына жатады. Яғни, бұл азаматтар үшін жарна бюджет есебінен төленеді деген сөз. Ал, сәуір айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі «өтпелі кезең» аяқталып, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толыққанды іске қосылуы тиіс еді.  

«Елдегі төтенше жағдайға байланысты мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жеңілдік мерзімін тағы үш айға, яғни 1 шілдеге дейін ұзарту шешім қабылданды. Яғни, осы уақыт ішінде еліміздің барлық азаматтары сақтандырылса да, сақтандырылмаса да міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетіне кіретін барлық қызметтерді толыққанды пайдалана алады», – деді «Медициналық сақтандыру қоры» Алматы қалалық филиалының қызметкері Шынар ӘЛЖАНОВА.

Бұл сақтандыру жүйесіне енбей қалған азаматтар медициналық көмектен қағылады деген сөз емес. Олар мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмекті алуға қашанда құқылы. Яғни, шұғыл жағдайларда кез келген науқас, кез-келген жерде көмек берілуі тиіс. Мәселен, жедел жәрдем шақырта алады, созылмалы, қауіпті және әлеуметтік маңызы бар аурулар тегін емдетеді, сондай-ақ тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады.

«Қымбат зертханалық анализдер, яғни ПЦР анализдер, қатерлік ісіке кезінде алынатын анализдер және де компьютерлі томография, магниттік резонанстық томография диагностикасын жасау. Стационарлық көмек, стационар алмастырушы және стомотологиялық көмек халықтың әлеуметтік осал топтарына осы көмектерді алуға мүмкіндігі бар», – деді № 36 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Дидар ЕРМЕНБАЕВ.

Айта кетейік, медициналық сақтандыру қоры 2020 жылы республика бойынша 1 250-ден астам медицина ұйымымен келісімшарт бекітілген, оның жартысынан көбі жеке меншік мекемелер.

Арнат Дүйсен, Мақсат Кунибеков, «Алматы» арнасы