Алматылық дәрігерлер күйік шалған адамды өлімнен аман алып қалды

16.09.2022 19:04

Науқасқа Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасында ота жасалған

Almaty.tv

Алматылық дәрігерлер денесінің 80 пайызын күйік шалған ер адамды өлімнен аман алып қалды, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Ауруханаға ауыр хәлде жеткізілген науқас осыдан 3 ай бұрын ауладағы құдықты жөндеу кезінде киіміне шоқ түсіп, тірідей өртеніп кете жаздапты.

Өлім аузында жатқан науқасқа Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасында ота жасалған. 29 жастағы Нұрсұлтан Сәдуақасовты аман алып қалу үшін операцияға реаниматолог, комбустиолог, кардиолог және басқа да білікті дәрігерлер қатысыпты. Ер адамның оңалуына 80 күндей уақыт кеткен.

«26 маусымда аяқ асты үйде жөндеу жұмыстарын жасап жатып, өрт тұтанып,киім өртеніп кетті. Денемді күйік шалды», – деді науқас Нұрсұлтан Сәдуақасов.

Оқыс оқиға 26 маусым күні Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында болған екен. Ойда-жоқта азамат аурухананың жан сақтау бөлімінен бірақ шыққан. Ал дәрігерлердің сөзіне сенсек, мұндай жарақат салдарынан адамның тірі қалуы екіталай.

«Науқас ауруханаға ауыр хәлде түсті. Денесінің 80 пайыз күйік шалған. Оған жансақтау бөлімінде ота жасалды. Кейін күйген жерлеріне жасанды тері қаптадық», – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Нұржан Биқоңыров.

Тері транслпантациясынан кейін жараның беті біртендеп жазылып кетуі тиіс. Дәрігерлер Нұрсұлтанның жағдайы едәуір түзелгенін, стационарлық емге зәру емес екенін айтты. Сондықтан ол үйіне қайтып, отбасымен қауышатын сәтті тағатсыздана күтіп отыр.

Оразай Нұртай, Салтанат Нұрғалиева, «Алматы» телеарнасы