Енді науқас қажетті скрининг жасай сала, сараптама нәтижесі бірден дәрігер қолына түседі
Алматыда науқастар үшін рентген, компьютерлік томография сынды сәулелік диагностикадан өту бұрынғыдан да жеңілдей түсті. Өйткені қалалық клиникалық жұқпалы ауруханалардағы сәулелік диагностика бірыңғай орталықтандырылған ақпараттық жүйеге енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Енді науқас қажетті скрининг жасай сала, сараптама нәтижесі бірден дәрігер қолына түседі. Ал ауруханада емделгендер туралы барлық ақпарат тіркелген емханаға жөнелтіледі. Бұл – уақыт үнемдеп қана қоймай, барлық науқастарды ұдайы қадағалауда ұстауға мүмкіндік береді дейді мамандар. Мәселен, Изатима Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына қарасты үш клиникада 940 төсекорын, 940 оттегі нүктесі және 79 реанимация төсегі бар.
«Біз коронавирустың жаңа толқынына дайынбыз. Клиникалар барлық қажетті медициналық және зертханалық техника жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Өкпені жасанды желдету аппараты, шприц және инфузиялық сорғылар алынды. Қажетті дәрі-дәрмек қоры, жеке қорғаныс құралдары да жеткілікті», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара Отағанова.
Дәрігерлер қазір Алматыда тұмау ауруының өршіп тұрғанын айтты. Оның белгілері коронавируспен өте ұқсас. Сондықтан егер қандайда бір ауырсынуды сезген жағдайда бірден өңірлік емханаға барған абзал дейді.
«Қала тұрғындарын санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтуға шақырамын. Маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау керек. Адам көп шоғырланған жерлерге бармаған жөн. Бір жеріңіз ауырса, бірден дәрігер қабылдауына жазылу қажет», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Тамара Отағанова.