ӘМСҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып Айдын Ашуев тағайындалды

28.01.2022 21:06

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты жазды

gov.kz

ӘМСҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып Айдын Ашуев тағайындалды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 қаңтардағы бұйрығымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма Төрағасы болып Ашуев Айдын Жұмабекұлы тағайындалды.

Ашуев Айдын Жұмабекұлы 1976 жылы 26 қазанда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Экономист» мамандығы бойынша бітірген.

Өз қызметін жеке ұйымда менеджер ретінде бастады.

1999 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

Сақтандыру ұйымдарында жұмыс тәжірибесі бар. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде, «ҚазАгро» Ұлттық холдингінде, «ҚазАгрогарант» АҚ-да, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв» РМК-да жауапты лауазымдарды атқарды.

2016 жылдан 2019 жылға дейін «Амангелді Газ» ЖШС Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

2019 жылдан 2021 жылдың қаңтарына дейін Мемлекеттік сатып алу комитетінің төрағасы, Қазынашылық комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде жауапты хатшы лауазымдарын атқарды.

2021 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметінде болды.