Жаңа маусым: «Алматы» телеарнасы көрермендеріне жаңа телехикая ұсынбақ

11.08.2023 02:34

«727» деген атаумен жарыққа шығатын сериалдың түсірілім жұмыстары басталды

Almaty.tv

«Алматы» телеарнасы жаңа маусымда көрермендерін тағы бір телехикаямен қуантпақ. Бүгін «727» деген атаумен жарыққа шығатын сериалдың түсірілім жұмыстары басталды.

Телехикаяда жастардың бүгінгі келбеті көрсетіледі. Олардың креативті идея мен жаңашылдыққа толы бастамасы көрерменге комедия жанрында жеткізілмек. Басты рөлді белгілі театр актері Мейірғат Амангелдин сомдайды. Жеке кәсіп бастауға бекінген ол бұл жолда түрлі қиындық пен кедергіге тап болады. Жігері мықты, мақсатынан айнымайтын жігіттің рөлін сомдау оған аса қиындық тудырмапты.

– Бұл жердің стилі бөлек. Тарихи фильмдерге түсіп жүріп осындай жанрды да қамтуға тырысамыз. Өзіме қызық болып тұр. Шынымды айтсам заманауи сериалдарға түспегелі көп болды. Жастарға, үлкендерге де ұнайтын шығар. Жақсы сериал шығаруға атсалысамыз, – деді актер Мейірғат Амангелдин.

Продюсердің сөзінше, сценарий желісіне сәйкес келетін әртіс табу оңайға соқпапты. Сериалда Гүлбахрам Ахат, Гүлнәр Дусматова секілді танымал актерден бөлек, Аян Мұхтасипов сияқты жас таланттар да бой көрсетеді.

– Бас кейіпкердің інісі болып ойнаймын. Көп қателік жасайтын, позитив адам болады ғой. Өзімнің өмірдегі рөлімді сомдап жатырмын. Бұл – менің ең бірінші сахнам. Кәсіби актер емеспін. Бірақ тырысамын, – деді актер Аян Мұхтасипов.

Бүгін басталған түсірілім жұмысы шамамен 1 айға жалғасады. Телехикая бас-аяғы 10 бөлімнен тұрады. Режиссердің айтуынша, жұмыстың жемісті болуы тікелей әртістердің кәсібилігіне байланысты.

– Бұл сериалды жаңаша көзқараста түсірсек деген ниет болып отыр. Оқиғаның бәрі қызықты, диалог өте қысқа. Көрерменді жалықтырып алмас үшін осындай бір ерекшелікпен ұстап қалсақ па деп отырмыз. Абай айтпақшы, «ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» дейді. Ортада, ұжымда жұмыс істеу, мінездің бір-біріне сәйкес келуі, ортамен тіл табыса алуы деген сияқты жастарға өнегеміз бар, – деді телехикаяның қоюшы режиссері Әлсейіт Көлбай.

Телехикая – Алматы телеарнасының төл өнімі. Жастар арасындағы қызықты, шытырман оқиғаға толы сериал көрерменге қыркүйек айында көрсетіледі.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Абай күні: алматылықтар қалай атап өтіп жатыр