Almaty TV – телевизиялық көктем осында басталады!
Наурыз мейрамы қарсаңында Almaty TV көрермендеріне ерекше сыйлық дайындап отыр - көрермен көптен күткен сүйікті жобаларды, отандық өндірістің эксклюзивті тұсаукесерлерін, сонымен қатар, жылылық, шаттық, шабыт сыйлайтын мазмұнды бағдарламалар ұсынады.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұқбатында Ұлыстың ұлы күнінің қазақстандықтар үшін маңызын атап айтқан болатын. Ел Президенті айтқандай, Наурыз мейрамы жаңару мерекесі болғандықтан, оны жаңаша, мазмұнда, ерекше атап өту қажет.
Almaty TV-ның көктемгі эфирі Наурыз сияқты шаттыққа, қызықты оқиғалар мен бірден баурап алар сюжеттерге толы болмақ. Олардың қатарында «Біржан-Сара ізімен» айтысы, «Алматы ән қанатында» музыкалық жобасы, «Жұлдызды караоке» және «Дода» сынды үздік шоулар және басқа да көрермен көзайымына айналған бағдарламалар бар.
Өткен айдан бастап телеарнада Алматы қаласы мен оның тұрғындары туралы: «Made in Almaty», «Алматы көшелері», «Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» бағдарламалары, сондай-ақ «Тәулік тізбесі», «Күн тақырыбы», «Айтылды-Орындалды» және т.б. айдарлар жарыққа шықты. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» хабарлары эфирге жол тартады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Almaty TV республикалық мәртебе алып, ребрендинг жасап, басты студиялық павильонын жаңартып, көрсетілім тұжырымдамасын түбегейлі өзгерткен болатын.
Осының нәтижесінде телеарнаның рейтингі 3 жыл ішінде екі есе, ал өткен жылы жаңартылған веб-сайттың қаралымы 5 есе, яғни, жылына 9 млн-нан 47 млн. пайдаланушыға дейін өсті. Медиаселлер желісі бойынша коммерциялық кіріс 3 есе артты. Ал телеарнаның мемлекеттік тілдегі үлесі 88 пайызға дейін ұлғайды.