Эквилибр өнері: Almaty TV цирк әртісінің ерекше жұмысы туралы баяндайды

27.02.2025 14:47

Жаңа шығарылымның кейіпкері – Қазақ мемлекеттік циркінің эквилибр жанрының әртісі Батыр Жанұзақ

Almaty TV

Almaty TV арнасында «Шаһар шырайы» арнайы жобасы көрсетіле бастады. Жобаның басты мақсаты – өз өмірін сүйікті ісіне арнаған, кәсібилігімен, еңбекқорлығымен қоғамның дамуына үлес қосып жүрген жандарды көрсету, таныту.

Батыр Жанұзақ цирк өнеріндегі жолын небәрі 15 жасында бастаған. Бастапқыда әуе гимнасты болуды армандаған оған жаттықтырушысы эквилибр жанрын сынап көруді ұсынған екен.

«Сенің болмысыңа осы өнер сай келеді», – дейді жаттықтырушысы.

Алғашында аса қызығушылық танытпаған Батыр уақыт өте келе бұл жанрға құлай беріліп, үшінші курс студенті кезінен-ақ шетелдерде өнер көрсете бастайды. Батыр мен оның командасы America’s Got Talent және Britain's Got Talent секілді ірі жобаларға қатысқан алғашқы қазақстандық өнерпаздар атанады, бұл қазақ цирк өнері үшін үлкен жетістік болған еді.

«Арманым – Қазақстанды, көк туымызды және Алматы мемлекеттік циркін бүкіл әлемге таныту. Осы мақсатқа жету жолында тер төгіп жүрміз. Қазақстан жалауы әлемдік аренада желбірей берсе екен деп тілейміз!» – дейді Батыр Жанұзақ.

Айта кетсек, Almaty TV телеарнасында «Made in Almaty», «Алматы көшелері» «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарлама мен жаңалықтар айдары жарық көрді. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар. 

«Шаһар шырайы» жобасының бұған дейінгі кейіпкерлері «Алматы Су» холдингінің слесарь-механигі Назымбек Қалиев, шаңғы инструкторы Олжас Мыңбаев, экоблогер Меруерт Салықова, Алматы метрополитені электр депосының маманы Мәди Асаубаев, құрылысшы Қадырбек Ижанов және «Алматы Тазалық» механизаторы Дастан Жақия болған еді.

Оқи отырыңыз: Пластикті қайта өңдеу: Almaty TV-де «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымы