Мегаполисті сумен қамту: Almaty TV-де «Алматы Су» механигі өз жұмысы туралы баяндайды

20.02.2025 15:58

Almaty TV телеарнасында Жұмысшы мамандықтары жылына орай «Шаһар шырайы» жобасы жарық көрді

Almaty TV

Жобаның түпкі түйіні – адал еңбек етіп жүрген жұмысшылардың кәсібилігі мен еңбекқорлығын өзгелерге үлгі етіп, қалың көпшілікке қаламыздың, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мамандарды таныстыру. 

Кезекті шығарылымның басты кейіпкері – «Алматы Су» холдингінің слесарь-механигі Назымбек Қалиев. Ол мегаполис тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ететін және су бұрумен айналысатын кәсіпорында 17 жылдан бері еңбек етіп келеді. Маманның негізгі міндеті – суды залалсыздандыру.

«Алматылықтарды таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – сауапты іс. Маған өз жұмысым ұнайды, жылдар өте келе кәсіби шеберлігімді шыңдай түстім. Ықтимал апаттың алдын алу үшін бәріне ертерек есеп жүргізіп, қондырғыларды дұрыс орнатуды, қалай жұмыс істеуді ұсақ-түйегіне дейін мұқият ойластырып алу керек. Жұмысыңа кәсіби тұрғыда әрі үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Өз ісіңе деген сүйіспеншілік – нағыз кәсібиліктің негізі. Адам жұмысқа жай ғана келіп-кетпей, шын жақсы көруі, пайдасын тигізуі, беріліп істеуі керек», – дейді Назымбек Қалиев.

Айта кетейік, 2024 жылы Алматыда 32 км су құбыры желісі жөндеуден өтті, ал 2025 жылы тағы 45 км коммуникация жаңартылады. Инженерлік желілерді жөндеу және салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы үш жылда 991,2 км сумен жабдықтау және су бұру желісі салынды және жаңғыртылды. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар тозған құбыр санын азайтып қана қоймай, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын да арттырады.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша Алматыда су жүйесін ауқымды жаңғырту жұмысы жалғасады. Басты міндеттер қатарында 4 сорғы станциясын жөндеу, 200 дана сорғы жабдығын ауыстыру және басқа да жобаларды іске асыру бар.

Айта кету керек, жақында Almaty TV телеарнасында «Made in Almaty», «Алматы көшелері» «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарлама мен жаңалықтар айдары жарық көрді. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.

«Шаһар шырайы» жобасының алдыңғы кейіпкерлері шаңғы инструкторы Олжас Мыңбаев, экоблогер Меруерт Салықова, Алматы метрополитені электр депосының маманы Мәди Асаубаев, құрылысшы Қадырбек Ижанов және «Алматы Тазалық» механизаторы Дастан Жақия болды.

Оқи отырыңыз: Ноутбук өндіретін кәсіпорын: Almaty TV-де «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымы