Алматыдағы тұрақты жұмыс орындарының 85%-ға жуығы шағын және орта бизнес саласында құрылады
Almaty tv бизнесті дамытуға арналған «Made in Almaty» жобасының кезекті шығарылымын ұсынады. Әр шығарылым зауыттан шағын цехқа дейінгі аралықтағы кәсіпорындардың креативті және қарқынды даму жолын назарға алмақ.
Алматы – кәсіпкерлік әлеуеті жоғары мегаполис. Бүгінде қалада 420 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, оларда шамамен 940 мың адам жұмыс істейді.
Қазақстанның жетекші іскерлік орталықтарының бірі болған Алматы қарқынды дамуын жалғастыруда. Биылғы жылы қаланың экономикалық өсім қарқынын 6,4%-ға дейін арттыру жоспарланған. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттік гранттар мен несиелер бөлінеді, олардың арқасында көптеген кәсіпкер өз жобасын сәтті іске асыруда. Өткен жылы бұл мақсаттарға 51 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Табысты бизнестің жарқын мысалдарының бірі – авторлық рецептер негізінде құрылған жергілікті наубайхана. Ағайынды кәсіпкерлердің идеясы ретінде басталған бұл кәсіп бүгінде үш қалада филиалдары бар желіге айналды. Алматының өзінде үш нүктесі жұмыс істейді.Олар жылдар бойы 160 түрлі нан-тоқаш өнімін жасап шығарды, бұл нағыз гастрономиялық энциклопедия деуге болады.
Наубайхана желісінде 150 адам жұмыс істейді – наубайшылар, кондитерлер мен сатушылар. Әр қызметкер компанияның дамуына өз үлесін қосуда. Бұл кәсіпорын шағын және орта бизнес секторында қарқынды өсіп келе жатқан ұйымдардың бірі. Бүгінде Алматы тұрғындарының 85%-ы, яғни 940 мыңнан астам адам осы салада жұмыс істейді.
Алғашқы наубайхана нүктесі өз қаражатына ашылды, кәсіп баяу және сақтықпен дамыды. Алайда сұраныстың ұсынысты қалыптастыратынын түсінген кәсіпкерлер екінші нүктені ашуға шешім қабылдады.
Кәсіпкер Маржан Өтеген өз бизнесін кеңейту үшін мемлекеттік субсидияларды сәтті пайдаланып, өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік алды.
Наубайханада жұмыс күні таңғы сағат 05:00-де басталады. Ас үйде алдын ала ингредиенттер дайындалып, нан өнімдерін пісіру үдерісі жүреді. Күн сайын бір ғана филиалда пештен 100-ден астам бәліш шығарылады, басқа өнімдерді қоспағанда. Ішіне салынатын қоспалар алуан түрлі – еттен бастап жемістерге дейін. Дайын өнімдер бірден клиенттерге жеткізіледі немесе сөрелерге қойылады. Заманауи жабдық жоғары сапаға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкер ханым қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес. Оның жоспарында – АҚШ, Дубай және Катар нарығына шығу бар. Ол қазақтың нан-тоқаш өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті брендке айнала алады деп сенеді. Жақын арада Шымкент пен Атырауда жаңа филиалдар ашу жоспарлануда.
Айта кетейік, биыл Алматыда шағын және орта бизнесті қолдауға 71 миллиард теңге бөлінді. 2030 жылға қарай бұл саланың қаланың экономикасына қосатын үлесін 75%-ға дейін арттыру көзделген.
Almaty TV-де «Алматы көшелері», «Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарламалар жарық көргенін еске салайық.
Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобалары көрерменге жол тартады.