Сүт өнімдерін өңдеу: Almaty TV арнасында «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымы

19.03.2025 15:24

Алматыдағы тұрақты жұмыс орындарының 85%-ға жуығы шағын және орта бизнес саласында құрылады

Almaty.tv

Almaty tv бизнесті дамытуға арналған «Made in Almaty» жобасының кезекті шығарылымын ұсынады. Әр шығарылым зауыттан шағын цехқа дейінгі аралықтағы кәсіпорындардың креативті және қарқынды даму жолын назарға алмақ.

Алматы – Қазақстанның басты экономикалық және іскерлік орталығы. Қазіргі таңда мегаполистің индустриалық аймағында жалпы құны жарты триллион теңгеден асатын 107 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар шамамен 14 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың табыс көзіне айналды. Осындай кәсіпорындардың қатарында сүт өнімдерін өңдеуге маманданған өндіріс орны да бар. Аталған мекеме ай сайын 60 тонна сүтті қайта өңдеп, нәтижесінде 180 тоннадан астам түрлі қатты және жұмсақ ірімшіктерді нарыққа шығарады. 

«Біз отандық өнімдерімізбен мақтанамыз. Біздің ерекшелігіміз – осы бағытта тың серпін беруімізде. Өйткені еліміздегі сүт өңдеу кәсіпорындарының көбі негізінен айран, қаймақ және сүт өндіруге басымдық береді. Ал ірімшік өндірісімен айналысатын зауыттар елімізде саусақпен санарлық қана», – деді компанияның бас директоры Лев Ким.

Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Өткен жылы шаһар кәсіпкерлерін қолдауға 53 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 71 миллиард теңгеге жетіп отыр. Осындай бағытта «Даму» қорының да рөлі зор. Қазіргі таңда дәл осы ірімшік кәсіпорыны Германия мен Италиядан озық үлгідегі жабдықтар әкеліп, өнім сапасын халықаралық деңгейге көтеруді көздеп отыр. Сонымен қатар биыл жұмсақ ірімшік өндірісіне арналған цехтарын жаңғыртуды қолға алмақ.

«Біз ірімшікті кесу, өлшеу және қаптау цехында тұрмыз. Мұнда піскен ірімшік арнайы аппаратта 200–300 грамдық бөліктерге кесіледі. Кейін таспа бойымен жылжып, қаптау бөліміне өтеді. Бұл жерде ірімшік ұзақ сақталуы үшін арнайы қоспасы бар ауа толтырылған қаптамаларға салынады. Әрбір қаптаманың тығыз жабылғаны тексеріліп, дайын өнімдер қораптарға салынады да, дүкендер мен сауда орындарына жөнелтіледі», - деді компанияның бас технологы Ирина Зяблицкая.

100 түрлі өнім түрін ұсынатын компания өз тауарларын Қазақстан мен Ресейдің сауда желілері, дүкендері және мейрамханаларына жеткізеді. Қазір өнімдерді Өзбекстанға экспорттау жағы пысықталуда. Ал Қытаймен әзірге келіссөздер жүргізіліп жатыр. Дегенмен, компанияның негізгі нарығы Қазақстан болып қала бермек.

Бүгінде оңтүстік астана – елдің мәдени және экономикалық орталығы ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнестің ошағы. Мұнда 420 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, ал онда 940 мыңға жуық алматылық тер төгуде. Ал дәл осы ірімшік өндіретін кәсіпорында 280 қызметкер сапалы әрі дәмді өнім жасауға үлес қосып жүр. Бұл зауыттың Астана мен Шымкентте филиалдары бар, ал болашақтағы басты мақсаты – Қытай, Тәжікстан және Өзбекстан нарығын игеру екен.

Айта кетейік, биыл Алматыда шағын және орта бизнесті қолдауға 71 миллиард теңге бөлінді. 2030 жылға қарай бұл саланың қаланың экономикасына қосатын үлесін 75%-ға дейін арттыру көзделген. 

Almaty TV-де «Алматы көшелері»«Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарламалар жарық көргенін еске салайық. 

Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобалары көрерменге жол тартады.