Метеоролог мамандығы: Almaty TV арнасындағы «Шаһар шырайы» бағдарламасының жаңа шығарылымы

Almaty TV
Almaty TV

Almaty TV телеарнасында Жұмысшы мамандықтары жылына орай «Шаһар шырайы» жобасы жарық көрді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жобаның түпкі түйіні – адал еңбек етіп жүрген жұмысшылардың кәсібилігі мен еңбекқорлығын өзгелерге үлгі етіп, қалың көпшілікке қаламыздың, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мамандарды таныстыру.

Алматы климаты жаздың аптап ыстығынан қысқы суыққа дейін жиі құбылып тұратындықтан, ауа райы болжамының дәлдігі қала тұрғындары үшін зор маңызға ие.

«Шаһар шырайы» бағдарламасының жаңа кейіпкері – метеоролог Гүлнұр Әлиева. Ол 2018 жылдан бері мегаполистің Біріккен гидрометеорологиялық станциясының басшысы болып қызмет атқарып келеді.

«Менің жұмысым – ауа райы туралы метеорологиялық деректерді жинау және талдау. Бұл деректер қолайсыз ауа райы жағдайларының алдын алуға көмектеседі. Біз тәулік бойы әр үш сағат сайын ауа мен топырақтың температурасын, желдің бағытын, қар жамылғысының биіктігін және жауын-шашын мөлшерін тіркеп отырамыз. Бұл ақпарат алматылықтарға көктайғақтың, жол-көлік оқиғаларының және басқа да қауіптердің алдын алу үшін өте маңызды. Мен өз мамандығымды жақсы көремін, өйткені ол маған қаламыздың қауіпсіз әрі жайлы болуына үлес қосуға мүмкіндік береді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, біз, метеорологтар, ауа райының ыстық-суығына қарамастан, күндіз-түні жұмыс істейміз. Себебі нақты ауа райы болжамы – жай цифрлар ғана емес, әрбір адамның қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі», – дейді Гүлнұр Әлиева.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі 1922 жылдың қаңтар айында құрылған. Бүгінде ол – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ірі ғылыми-өндірістік кәсіпорны.

«Қазгидромет» РМК-ның еліміздің әр облысында 15 филиалы бар, ал жалпы штат саны 3 мыңнан асады.

Кәсіпорынның қызмет саласына қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу, мемлекеттік бақылау желісін пайдалана отырып метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг жүргізу жатады.

Атап өтерлігі, Almaty TV телеарнасында «Made in Almaty», «Алматы көшелері» «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарлама мен жаңалықтар айдары жарық көрді. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар. 

«Шаһар шырайы» жобасының бұған дейінгі кейіпкерлері «Алматы Су» слесарь-механигі Назымбек Қалиев, шаңғы нұсқаушысы Олжас Мынбаев, экоблогер Меруерт Салыкова, Алматы метрополитені электр депосының маманы Мади Асаубаев, құрылысшы Қадырбек Ижанов және «Алматы Тазалық» механизаторы Дастан Жақия болды.

Оқи отырыңыз: Ноутбук өндіретін кәсіпорын: Almaty TV-де «Made in Almaty» бағдарламасының жаңа шығарылымы

 

Новости партнеров