Шаһар шырайы: Almaty TV метро жұмысшысының таңғажайып оқиғасынан сыр шертеді

10.02.2025 18:57

Бала күнгі арманын орындаған Алматы метрополитені электр депосының маманының оқиғасы

Almaty.tv

Almaty TV «жұмысшы мамандықтары» жылында «Шаһар шырайы» атты арнайы жобаны қолға алды.

Жобаның басты мақсаты – адал еңбек етіп жүрген жұмысшылардың кәсібилігі мен еңбекқорлығын өзгелерге үлгі етіп, қоғамда еңбексүйгіштік пен кәсібилік идеясын насихаттау, сонымен қатар жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру.

Шығарылымның кейіпкері – Алматы метрополитеніне қарасты электр депосының маманы Мәди Асаубаев. Ол 10 жылдан аса уақыт нысан құрылысына белсене қатысты. Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету мамандығын қайта оқып, бала күнгі арманын орындады.

«2000-2011 жылдар аралығында метро құрылысына белсене қатыстым, адамдарға пайдамды тигізгім келді. Алғашқы пойыздар келе бастағанда, осы салада жұмыс істеуге қатты қызығатынмын. Сол себепті оқуға түсіп, осы сала бойынша мамандық алдым. 2011 жылы жұмысқа орналастым. Біз вагондарды тексереміз. Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Пойыз 1000 вольттық қуатпен жұмыс істейді, яғни бұл – қауіпті жұмыс. Бала кезімнен шахтер немесе машинист болуды армандадым. Маған, әсіресе пойыздарды жөндейтін машинисттің жұмысы ұнады. Арманыма жеттім. Ендігі мақсатым – балаларды тәрбиелеп, осындай мамандықтарға баулу», – деді ол.

Айта кету керек, Almaty TV телеарнасында «Made in Almaty», «Алматы көшелері» «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы»  сияқты бірқатар жаңа бағдарламалар жарық көрді. Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар. 

«Шаһар шырай» жобасының бұған дейін алматылық дәнекерлеуші Қадырбек Ижанов пен алматылық «Тазалық» механизаторы Дастан Жақия кейіпкері болды.

Оқи отырыңыз: Made in Almaty: Almaty TV жаңа жоба ұсынады