Тақтай шығаратын зауыт: Almaty TV-да «Made in Almaty» жаңа шығарылымы

09.04.2025 14:57

Өнеркәсіптің болашағы – инвестицияларды дамыту, жұмыс орындарын құру және технологияларды енгізу

Almaty tv телеарнасы бизнестің дамуы туралы «Made in Almaty» жобасының жаңа шығарылымын ұсынады. Әр репортажда креативті және қарқынды дамып келе жатқан компанияларға – ірі зауыттардан бастап шағын шеберханаларға дейін ерекше назар аударылады.

Алматы – кәсіпкерлік дамыған, іскерлік сала қалыптасқан елдегі ең ірі мегаполис. Осы себепті жергілікті бюджетке түскен қаражат мөлшері былтыр 24 пайызға артқан еді. Оның 70 проценті – шағын және орта бизнес субъектілеріне тиесілі. Сондай-ақ шаһарда «Даму» қорынан қолдау алып, өз ісін өрге дөңгелеткендер де көбейген. Олар түрлі бағытта қызмет атқарып, қала экономикасының ілгері басуына септігін тигізіп жүр. Берекелі кәсіпорынның бірі – шаһардағы тақтай шығаратын зауыт.

«Қазақстанда экологиялық тиімді зат деп айтамыз.Ол екінші өңдеуден өтеді.Бұл ағашқа қарағанда тиімді. Өйткені ағаш 1-2 жылда шіруі мүмкін. Ал бұл 10-15 жыл ешқандай бояусыз, тек жуып өзінің күтімімен пайдалануға болады», – деді кәсіпорынның өндірістік директоры Ғалымтай Батхолдин.

Зауыттың жылдық тауар айналымы – 152 миллион теңгеден асады. Ал тақтайға қажетті шикізат Үндістан, Өзбекстан мен Қытайдан тасымалданады. Қызығы аса дәлдікпен әрі есеппен жасалатын қоспаның тең жартысы – ағаш ұнтағынан, 35 пайызы – пластик өнімдерден, қалғаны – бояғыш әрі біріктіргіш заттардан тұрады.

«Ағаштың ұнын өзіміз дайындаймыз. Оны Алматыдағы ағаш өңдейтін жерлерден аламыз. Біз оны ары қарай ұнтаққа айналдырамыз. Кейін одан тақтай шығарамыз. Оған қосымша өзінің бекітетін құралдарын сонымен қатар басқа да керек-жарағын шығарамыз», – деді кәсіпорынның өндірістік директоры Ғалымтай Батхолдин.

Кәсіпорын Қырғыз нарығын да бағындырып үлгерген. Енді Ресей, Германия сынды елдерге тақтай тасымалдауымыз ғажап емес, - дейді қызметкерлер. Қазір өндіріске жауапты мамандар өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр екен. Және сан мен сапаға аса мән беріліпті. Ерекшелік сол, кәсіпорын «Қазақстанда жасалған» деген лайықты мәртебені еш түсірмей келеді. Қалада дәл осындай қарқынмен ісін ілгерілеткен кәсіпорындар да жетерлік. Мәселен, биыл, тауар өндірісінің көлемін молайту мақсатында шаһардың индустриалды аймағында 2700 адамға жұмыс беретін 15 жобаны іске қосу жоспарланыпты.

Almaty TV-де «Алматы көшелері»«Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сияқты бірқатар жаңа бағдарламалар жарық көргенін еске салайық. 

Жуырда «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобалары көрерменге жол тартады.

Оқи отырыңыз: Алматы индустриялық серпіліс жолында: Almaty TV-да автокөлік өндірісінің дамуы туралы «Made in Almaty» жаңа шығарылымы