Жаңа маусым: Almaty.TV-де «Біржан-Сара ізімен» жобасы эфирге шығады

21.03.2025 21:50

«Біржан-Сара ізімен» жобасын әр сенбі сағат 22:05-те тамашалай аласыздар

Almaty.TV жаңа маусымда айтыс өнерін насихаттайтын «Біржан-Сара ізімен» жобасын және «Жұлдызды караоке» ән байқауын көрермен назарына қайта ұсынады.  Бағдарламалардың алғашқы шығарылымы Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келді.

 Жаңа маусымда көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Жұлдызды караоке» жобасы жалғасын табады. Ән мен әзіл үйлесім тапқан музыкалық шоу аптасына бір рет, жексенбінің кешінде шығады. Бағдарламада танымал актерлер, блогерлер және эстрада әншілерінің өнерінен бөлек, тапқырлығы да сыналады. Жоба 3 кезеңнен тұрады, сайыста қатысушылар  басқа қырынан танылуға мүмкіндік алады.

 «Биыл бағдарламаның үшінші маусымы Бұл – еліміздің ең ауқымды музкалық жоба. Көрермен бағдарламаны жақсы көреді», – деді актер, жүргізуші Қайрат Әділгерей.

 «Жұлдызды караоке» жанды дауыста ән айтады. Кімнің дауысының қандай екенін, кімнің қай дәрежеде ән айтатынын караокеде отырып-ақ байқап, бағамдап отырмыз», – деді жүргізуші Мөлдір Анарбаева.

«Жұлдызды караоке» – жобасы жұлдыздарды үйреншікті образдарынан шығарып, жаңа, ешкім көрмеген қырынан танытатын бірегей жоба. Бұл жерде өнер, импровизация және әзіл үйлесім тапқан. Ең қызығы жеңімпазды қазылар алқасы емес, залда отырған көрермен таңдайды.

 «Өнердегі ұстаздарым Алмат Сахатов, Нұржан Тутов ағаларымыз мен 18 жасымда театрға келгенде сахнаның майталмандары еді. Осы кісілермен бір сахнада тұрмын. Сол кезді еске алдық», – деді әнші, актер Дастан Оразбеков

 «Басқа жағынан көріну артистке, қалыптасқан образында емес, басқа бір қырынан ән айтып тұрған Нұржанды көру, әрине көрерменге қызық шығар», – деді актер Нұржан Тутов.

Жаңа маусымда сөз өнерін сүйетін көрерменнің асыға күткен «Біржан-Сара ізімен» жобасы да жалғасады. Ұтымды ой, тапқыр әзіл қашанда халық жүрегінен ерекше орын тауып, ғасырлар бойы қазақтың төл мәдениетімен біте қайнасып келеді. Әсіресе, қыз бен жігіт айтысы – жарасымды қалжыңмен көмкерілген, терең мағыналы тартыс. «Біржан-Сара ізімен» жобасы осы асыл өнерді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат етеді.

«Ақын қыз-жігіттердің бағын ашқан айтыс болды. Өлеңдерін кірпіштен қалағандай күрделі мәселелерді қозғап, жарасымды айтыс жасады. Алғашқы айтысқа қарағанда қоғамда орын алып отырған кемшіліктерді түбірін қазып, айтып жатыр», – деді ақын, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

 «Негізі Аягөз ауданының тумасымын. «Біражан-Сара» айтысына алғаш рет келіп отырмын. Қыз бен жігіт айтысы, жұптық айтысты көгілдір экранға түсіру дұрыс деп ойлаймын», – деді айтыскер Әлішер Қыдырбекұлы.

«Біржан-Сара ізімен» жобасын әр сенбі сағат 22:05-те тамашалай аласыздар.

Әйкерім Пернебек, Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Дода: Almaty TV-де зияткерлік ойын-сауық бағдарламасы көрерменге жол тартады