Бұл жаңалық ғалымдардың таңданысын туғызды
Қызылордалық оқушы Садық Роза математиканы оқытудың әдістемесін жетілдіретін жаңа математикалық кесте ойлап тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зерттеу жұмысының жүргізілу нәтижесінде Ұлттық зияткерлік меншік институты талабына сай жас автор Роза мен жетекшісі Ғабиден Төлебайұлына сандық куәлік берілді. Аталмыш кесте «Роза – өлшем бірліктер кестесі» деп ресми аталды.
Қызылорда қаласы И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінде білім алатын жас өреннің бұл жаңалығы «Зерде» республикалық ғылыми зерттеу жобалары конкурсының республикалық кезеңінде үздік деп танылып, ғалымдардың таңданысын туғызған. Нәтижесінде аталмыш байқауда Гран-при иегері атанды.
«Жобаның басты жаңалығы – математикалық өлшем бірліктермен жұмыс жасаудың әдістемелік кестесін есептер шығару барысында қолдану болып табылады. Математиканы оқытудың әдістемесін жетілдіретін бұл жаңа кесте бүгінде білім беру ұйымдарында сабақ процесінде қолданылып келеді», – деді жетекшісі Ғабиден Төлебайұлы.
Айта кетейік, білім бәсекесінде 600-ге жуық қатысушының арасынан дара шыққан қызылордалық оқушының бұл еңбегі математика іліміне тағы бір жаңа формула ретінде енгізіліп отыр.