Жетісу ауданы мектептеріндегі орын тапшылығы қалай шешіліп жатыр? Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту мақсатында 3 мектепке қосымша құрылыс салу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айында №148 мектепте 300 орындық қосымша құрылыс салу басталды. Жұмыстар келесі оқу жылының басында аяқталады. Сондай-ақ, қазан айында №101 мектептің акт залын салу басталды, ол да 2023 жылдың тамыз айында аяқталады. Қазан айында №112 мектепке 300 орындық, №103 мектепке 200 орындық қосымша құрылыс салу жобаларына сараптама қорытындысы алынды, құрылысын 2023 жылдың І тоқсанында бастау жоспарланған. Қараша айында №129 мектепте сейсмикалық күшейте отырып, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазан айында № 80 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды, жұмыстар 2023 жылдың ІV тоқсанында аяқталады», – деді Ерболат Досаев.