Қазақстанда алты жасар балаларға жаздық тегін курстар ашылады

29.05.2019 15:07

Арнайы орталықтарға және балабақшаға бармаған балалар үш апта бойы курсқа тегін қатысады

Sputnik

Балабақшаға немесе орталықтарға бармаған алты жастағы балаларға арналған үш апталық оқыту курсы енгізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева хабарлады.

«Әр мектепте қосымша жазғы курстар болады. Үш апта бойы балалар орталықтарына және балабақшаға бармаған балалар курсқа тегін қатысады. Жалпы білім беру мектептеріне балаларды қабылдау үшін ешқандай тест қарастырылмаған. Бізде Назарбаев зияткерлік мектептері, Республикалық физика-математика мектебі бар – бұл арнайы бағдарланған мектептер. Олардың жарғысында баланың бейімділігін анықтау үшін тестілеуден өтетіні жазылған», - деді Суханбердиева.

Қазақстанда «Білім туралы» заңға сәйкес, балалар алты жастан бастап бірінші сыныпқа баруы тиіс. 1 қыркүйекте (қазан, қараша, желтоқсанда туғандар) алты жасқа толмағандар мектепалды дайындықты бітіріп, келесі жылы бірінші сыныпқа барады.