Асхат Аймағамбетов болашағы зор үш мамандықты атады

02.04.2022 15:41
avesta-news.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов маңызды үш кәсіпті атады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

"Біріншіден, жас мұғалім. Қазір бұл мамандық тұрақтылықтың кепіліне айналды. Елімізде жақсы мұғалімдерге сұраныс өте жоғары. Қазір жалақы да, даму мен мансаптық өсу мүмкіндіктеріне де жағдай жасалған. Сонымен қатар осы бағытқа 9,5 мың грант бөлініп, ең жоғары стипендия тағайындалады, одан бөлек жалақы жыл сайын 25%-ке өсіп отырады", - дейді Аймағамбетов.

Екінші маңызды кәсіп – инженер. Бұған дейін президент те техникалық мамандықтардың маңыздылығын атап өткен болатын.

"Мықты инженер болсаңыз, онда сіз кез келген жерде бәсекеге қабілетті боласыз. Өздеріңіз білетіндей, жүздеген жас қазақстандық Google, Amazon және әлемге әйгілі басқа да компанияларда жұмыс істейді", - деп атап өтті министр.

Ал үшінші кәсіп – ғылым. Бүгінде жас қазақстандық ғалымдар бүкіл әлем бойынша ғылыми жарыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүр. Олардың жобаларына шетелдік компаниялар да серіктес болуға даяр.

"Қазақстан ғылымы қарқынды дамып келеді. Отандық ғалымдар QazVac вакцинасын жасады. Одан бөлек, біз ғалымдарға барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Атап айтқанда, ғылыми гранттар бөлу, шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту және тағы басқа", - дейді Аймағамбетов.

Осы орайда министр биылғы мектеп түлектеріне болашақ мамандықты жинаған балл көлеміне немесе басқа бір факторларға байланысты болмау керектігін ескертті. Сүйікті іспен айналысуға деген талпыныс болуы керек.

"Құрметті түлектер! Сіздерге Жаңа Қазақстанды құруға тамаша мүмкіндік беріліп отыр. Сіздердің идеяларыңыз, мақсаттарыңыз бен талпыныстарыңыздың арқасында еліміз одан әрі дами түсетініне сенімдімін. Қандай жағдай болсын, жоғары кәсіби мамандар әрқашан сұранысқа ие. Осыны естен шығармаңыздар. Еңбекқорлық пен сүйікті іспен айналысуға деген талпыныс болса, теміржолшы болып та жұлдыз атануға болады", - деді министр.