Асхат Аймағамбетов Павлодарда өртенген мектеп оқиғасына қатысты пікір білдірді

21.04.2022 20:17

Бүгін таңертең Павлодардағы №28 мектептің 200 шаршы метр аумағы өртеніп кетті

Фото: ашық дереккөзден


Павлодарда төрт қабатты мектеп өртеніп, физика пәнінің мұғалімі зардап шекті. Түтінге тұншығып қалған әйел облыстық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жағдайы орташа ауыр. Бүгін таңғы 8-де басталған тілсіз жау №28 мектептің екі қабатты корпусының шатырын түгел өртеген. Құтқарушылар келгенше ғимараттан 576 адам эвакуацияланған. Оның 551-і бала. Отты өшіруге 70-тен аса өрт сөндіруші мен 10 арнайы техника жұмылдырылды. Шамамен 1200 шаршы метр аумақ жанып кеткен. Қызыл жалын үш жарым сағат өткеннен кейін бір-ақ өшірілген. 

«От қатты өршіп кеткендіктен әрі түтіннің кесірінен өртті сөндіру кезінде қиындықтар болды. Оның үстіне хабар кеш түсті. Соған қарағанда адамдар алдымен өздері өшірмек болған. Қазір тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр», – деді ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.

Өрт физика кабинеті зертханасынан тұтанған деген болжам бар. Алғашқы хабарды сыныпта болған мұғалім жеткізіпті. Айта кетсек, білім ордасында 2020 жылы 200 млн теңгеге күрделі жөндеу жүрігізілген екен. Жағдайға қатысты Білім және ғылым министрі пікір білдірді. 

«Егер тексеріс нәтижесінде балаларды оқытуға еш қауіп төнбесе, мектепте сабақ жалғаса береді. Бірақ қысқа мерзімге қашықтан оқыту ұйымдастырылуы мүмкін. Ал егер ғимарат мүлде жарамсыз болса, онда әкімдік оқушыларды өзге мектептерде оқытуға жағдай жасайды», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.