Енді грантқа түсе алмаған талапкерлер де тегін оқи алады

02.07.2019 16:46

Биыл көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға қосымша 5000 грант бөлінеді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қосымша гранттардың қалай таратылатынын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, биыл қосымша 5000 грант көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға беріледі. Гранттардың қаражаты трансфер арқылы жергілікті әкімдіктерге аударылады. Атқарушы органдар өз кезегінде өңірдің қажеттілігін ескере отырып, нақты мамандықтардың тізбесін жасайды. Одан кейін конкурс негізінде гранттарды таратады.

«Конкурсқа қатысу үшін талапкер ұлттық бірыңғай тестілеудің шекті балын жинауы қажет. Жалпы, осы грантқа ие болу үшін үміткерлер, ең алдымен, жылдағыдай 21-31 шілде аралығында республикалық конкурсқа қатысып, 53 785 грантқа бағын сынап көреді. Ал сол жалпы конкурста грантқа қол жеткізе алмаған көпбалалы отбасыдан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатындағы талапкерлер қосымша берілген жаңағы 5000 грантты алу үшін тамыз айының 5-10 аралығында келесі конкурсқа қатысуға жергілікті атқарушы органдарға өтініш бере алады», – деді Аймағамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, қосымша гранттар ҰБТ-ның ұпай санына қарай тағайындалады. Ал жеңімпаздардың тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

«Грант иегерлеріне әдеттегідей 20 949 теңге көлемінде стипендия тағайындалады. Сонымен қатар, демалыс кезінде жылына екі рет жол жүру өтемақысы төленеді», – деп атап өтті министр.