Бұл – балалар мен мұғалімдердің өмірі мен денсаулығы үшін қабылданған шешім
Оқушылар 1 қыркүйектен бастап бірінші тоқсанды қашықтан оқиды. Сондай-ақ, университеттер мен колледждердің студенттері де уақытша осындай жүйе арқылы білім алады. Мұны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, бұл – балалар мен мұғалімдердің өмірі мен денсаулығы үшін қабылданған шешім. Мұндай байламға келмес бұрын сарапшылармен сөйлесіп, ата-аналардың пікірлері тыңдалған. Алайда шалғайдағы ауыл мектептерінде білім алып жатқан балалар оқуын қалыпты жағдайда жалғастыра береді.
«Әсіресе, шалғайдағы шағын жинақты мектептер бар. Оларда 5 бала бар, 10, бала, 15 бала бар. Олар жаяу өздерінің мепктептеріне барып жүреді. Сондықтан шалғайдағы қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде осы жұмысты штатты режимде оқытуды ұйымдастыруға біз мүмкіндік беріп отырмыз. Екінші мәселе – бастауыш сыныптарында оқитын балалар жөнінде. Егер ата-аналардың өтініштері болса, нақты бастауыш сыныптары бойынша біз уақытша сыныптарды дайындап ашып беруге дайынбыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында бірінші тоқсаннан кейін дәстүрлі оқу режиміне көшкен жағдайда мектепте ата-анадан баласына мектеп формасын алу туралы талап қойылмайды. Алайда министр бұл мектеп формасы түбегейлі жойылады деген сөз емес екенін ескертті.
«Тәжірибе көрсеткендей, бұл шешімнің де негізі бар. Бизнестің осы түрімен айналысатын ірі компанияларды түсінем. Олардың мұндай қиын кезеңде жаңа оқу жылына дайындалған компанияларды қолдау керектігі туралы үндеуін естідім және оқыдым, бірақ біз 3,5 млн оқушы сабаққа баратынын ескеруіміз керек. Экономикалық және қазіргі жағдайды ескеріп, мектеп формасына да қатысты қажетті жағдай жасау керектігі туралы шешім қабылдадық. Мектеп формалары барлар ол форманы киіп жүре алады, ал мектеп формасы жоқтарға осындай жағдай жасадық», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.