Жыл сайынғы дәстүрлі олимпиадаға биыл 700-ге жуық оқушы қатысты
Almaty Theatre ғимаратында 8-13 қаңтар аралығында Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) базасында өткізілген математика, физика және информатика пәндері бойынша ХХ халықаралық Жәутіков олимпиадасының салтанатты жабылуы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жыл сайынғы дәстүрлі олимпиадаға биыл Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Тәжікстан, Моңғолия, Грузия, Сербия, Үндістан және Румыния сынды 16 елден 85 команда, 700-ге жуық оқушы қатысты.
Олимпиадаға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, «РФММ» КЕАҚ Директороар кеңесінің төрағасы Берік Қаниев және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова құттықтады.
–Мемлекет тарапынан олимпиаданы ұйымдастыруда қолдау көрсетіліп жатыр. Әлемдік олимпиадада білімін көрсету арқылы жеңімпаз болған жастардың ұстаздарын да қолдау мәселесі көтерілген. Алға қойған мақсат – олимпиаданың танымалдығын арттыру, екінші даму кезеңіне шығу, демек 17 емес, 50 мемлекеттен оқушыларды сайысқа шақыруды жоспарлап отыр, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Олимпиаданың ерекшелігі — әлемнің мамандандырылған физика-математика мектептері арасында бірден үш пән бойынша өткізілуі. Осы жылы үш жылдық онлайн форматтан, олимпиада қайта офлайн форматта ұйымдастырылды.
2005 жылы алғаш рет өткізілген кезде 5 мемлекеттен 189 оқушы қатысқан еді.
Биыл олимпиадаға Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Тәжікстан, Моңғолия, Грузия, Сербия, Үндістан және Румынияны қосқанда, әлемнің 16 елінен 700-ге жуық қатысушы, 85 команда қатысты.
Гран-при, I, II және III орындарды жеңіп алған команданың барлық мүшелері медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар Нұрлан Қаппаров атындағы қордан математика пәнінен Нұрлан Қаппаров атындағы сыйлықты, физика пәнінен Әділет Имамбеков атындағы сыйлықты және информатика пәнінен Илья Сегалович атындағы сыйлықтарды алды.
Математика, физика және информатика пәндері бойынша 344 қатысушы жеңімпаз атанды. «Үздік олимпиадалық мектеп» номинациясы бойынша Гран-при Санкт-Петербург қаласынан № 239 президенттік физика-математика лицейінің командасына берілді.
– 8-сынып оқушылары қола медаль алды. Бұл – үлкен жетістік деп ойлаймын. Өйткені халықаралық Жәутіков олимпиадасы Қазақстанда өтетін жалғыз олимпиада деп айтсақ болады, – деді РФММ математика пәні бойынша жаттықтырушысы Бақытжан Мамышев.
Бірінші орын Мәскеу қаласынан келген В.Ф. Овчинникова атындағы «Екінші мектеп» командасы иеленді, екінші орын Тбилиси қаласынан Л.В. Комаров атындағы № 199 математика және физика арнайы мектебінің және Долгопрудный қаласынан П.Л.Капица атындағы «Физтех-лицейі» командалары бөлісті, үшінші орынға Минск қ. БГУ лицейі, София қ. Sofia High School of Mathematics, Долгопрудный қаласынан П. Л. Капица атындағы «Физтех-лицейі» және Алматы қаласынан РФММ иеленді.
Қазақстандық оқушылар 109 медаль жеңіп алды — 10 алтын, 43 күміс және 56 қола.
Гран-приді жеңіп алған команданың барлық мүшелеріне кубок пен ноутбуктер табысталды. Барлық жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Оқи отырыңыз: Этникалық лагерь: Алматыдағы мектептердің бірінде көрме ұйымдастырылды