Қазақстанның «Кремний алқабын» жасауға 100% мүмкіндігі бар – Айна Досмағамбетқызы

27.06.2021 17:38

IT − жаңалық ашатын адамдардың мамандығы

almaty.tv

XXI ғасыр технологиялардың дамыған заманы. Бүгінгі технологияның көш басында – IT саласы тұр. Бұл сала болашақта әлемді өзгертіп, біздің ойымызға да кіріп-шықпайтын жаңалықтар ашуы мүмкін. Бұл жайында «Алматы» телеарнасында «Шынайы Ақберенмен» бағдарламасында қонақта болған IT маманы, маркетолог Айна Досмахамбетқызы әңгімелеп берді.

«IT саласы −  бұл жаңалық ашатын адамдардың мамандығы. Болашақта көптеген мамандықтар жойылуы мүмкін. Бірақ бұл адамдар жұмыссыз қалады деген сөз емес. Ол жаңа қабілеттерге ие бола бастайды дегенді білдіреді. Мәселен ұшатын дрондарды алайық. Кезінде операторлар вертолетпен түсірілімдер жасайтын болса, қазір адамның камераны алып вертолетпен ұшуының қажеті жоқ. Алайда, оператор мамандығы мұнымен жойылып кетті дей алмаймыз ғой. Тек келешекте саллардағы қызмет көрсету оңтайландырылып, адамның қол күшін пайдалану азаюы мүмкін. Бірақ сана әрдайым компьютерді басқарады. Компьютер сананың басқаруынсыз ешнәрсе жасай алмайды», − деді Айна Досмахамбетқызы.

Танымал блогер, маркетолог, коуч-тренер Айна Досмахамбетқызы Қазақстан аумағында бірінші болып білім беру саласын қолға алған. Маман одан өзге осы саланың келешегі мен даму жоспары жайында сұрақтарға жауап берді.

«Қазақстанның «Кремний алқабын» жасауға 100 % мүмкіндігі бар. Ол үшін еліміздегі білім беру саласын дұрыстау керек. Еліміздегі кез-келген аймағында тұратын баланың интернеті, компьютері, жағдайы жасалуы керек. Барлық балаға білім бірдей берілуі керек. Мәселен, еліміздің болшақ Цукербергі, Илон Маск, Стив Джобс, Бил Гейтстері қарапайым ауылда, Шиелі дейтін құмды жердің арасында жүрген болуы мүмкін. Біз оны тауып алып, таным-қабілетін ашуға тиіспіз. Мен Қазақстаннан мықты IT орталық болатынына сенімдімін. Оған біздің елдің әлеуеті толықтай жетеді. Ол үшін жүйелі түрде дамып, әлемдік өзгерістерге бейімделіп отыруымыз керек»,− деді ол.

Толық нұсқасын төмендегі видеодан көре аласыздар.