Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова айтты
Енді қазақстандық оқушылар соңғы қоңырау сыңғырын 1 маусымда естиді. Дәстүрлі мереке 25 мамырда емес, балаларды қорғау күнімен қатар тойланатын болады. Бұл туралы еліміздің Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Орта білім беру комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, елде оқу жылы 36 аптаға созылады. Биыл ол мамырдың 31-і күні аяқталады. Демалыс мерзімі бұрынғыша сақталады, яғни оқу күндері көбеймейді. Министрлік өкілі каникул уақытының қысқармайтынын жеткізді. Жалпы қазақстандық оқушылар 170 күн оқиды. Каникул 195 күн.
«Барлық қазақстандық мектепте оқу жылының ұзақтығы – 36 апта. Дәстүр бойынша оқу жылының бірінші күні 1 қыркүйек болып саналады, ал биылдан бастап оқу жылының соңғы күні – 31 мамыр. 31 мамыр – оқу күні. Бұл күні оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес сабақпен қатар, сабақтан тыс іс-шаралар өткізіледі. 1 маусым жазғы каникулдың алғашқы күні болып саналады. Сонымен бірге бұл күні Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар мектептерде соңғы қоңырау мерекесі өткізіледі», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.