Мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жарияланды
Елімізде негізгі ҰБТ басталды. Бұл жолғы білім сынағында мемлекеттік грант иегерлері анықталады. Науқан 5 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қорытындысында ең жоғары балл жинаған талапкер жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі сараланатын байқауға қатыса алады. Ал, су басқан өңірлердің 11-сынып оқушыларына тестілеу 25 мамырда басталады. ҰБТ сынынан сүрінбей өткен 112 мың талапкерге тегін оқу мүмкіндігі қарастырылған.
Мемлекеттік білім беру гранттарының тізімі жарияланды. Инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларын таңдаған 19 мың түлек тегін оқу мүмкіндігіне ие бола алады. Гранттардың ең көп бөлігі осы бағытқа бөлінген. Бұдан бөлек, педагогикалық ғылымдарға – 13 мың 735, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына 11 мыңға жуық орын беріліп отыр. Биылғы еоекшелік министрлік ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар тағайындайды. Бұл мүмкіндік «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» салаларына арналған.
– Сертификаттарды салтанатты түрде тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді. Төтенше жағдайға байланысты Ақтөбедегі 9 мектеп, Атыраудағы 3 мектеп және СҚО-да оқушылар аралық және қорытынды аттестациядан босатылған. Түлектердің соңғы салтанатты жиынын қауіпсіз әрі ойдағыдай өткізу жоспарланып отыр, – деді ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева.
Биыл 186 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. Бұл оқу жылы да әдеттегідей 25 мамырда аяқталады. Мектептерде соңғы қоңырау соғылады, бірақ барлығына бірдей емес. Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, 1-10-сынып оқушылары үшін бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады. Сенбідегі соңғы қоңырау салтанатына тек түлектер қатыса алады. Ал 3 ай демалысқа шыққан оқушылардың 90 пайызы жазғы лагерьмен қамтылмақ.
– Жазғы маусымды сапалы ұйымдастыруға қажетті барлық нормативтік-құқықтық актілер қамтылған. Сонымен қатар әкімдіктермен бірге демалыспен қамтылатын балалардың тізімін қалыптастыру, біріңғай талаптарды енгізу, республикалық және өңірлік штабтардың жұмысын ұйымдастыру қабылдануда, – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Министрлік өкілдері мектеп бітіру кешінде өзгешелік барын айтып өтті. Жылдағыдай түлектердің думанданқан жиыны, мейрамханадағы басқосуға шектеу қойылған. Кортеж жалдап көшеде ұлан-асыр тойлау үрдісіне де рұқсат берілмеген. Биылғы түлектер мектептегі соңғы сағатын жаңа форматта өткізеді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Мектебім, саған мың алғыс: 186 мың түлек үшін соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады