Көпбалалы отбасының балалары Қыздар университетінде жеңілдікпен оқиды

27.02.2019 20:12

Жастар жылы қарсаңында қолға алынған игілікті іс Қыздар университеті мен «Нұр Отан» партиясы арасында жасалған өзара ынтымақтастық меморандумы аясында жүзеге асып отыр

baq.kz

Көпбалалы отбасынан шыққан балалар Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жүз пайыздық жеңілдікпен білім алатын болады. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады, деп жазды Бақ.кз.

Оның айтуынша, Жастар жылы қарсаңында қолға алынған игілікті іс Қыздар университеті мен «Нұр Отан» партиясы арасында жасалған өзара ынтымақтастық меморандумы аясында жүзеге асып отыр. Сонымен қатар Алматы қаласының әкімдігі де бастамаға қолдау білдірді.

Оқу жеңілдігі көпбалалы отбасынан шыққан, мектепте оқу үлгерімі жақсы, халықаралық және республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына беріледі.

«Бүгінде 3 мектеп оқушысына Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқу грантын алуға құқық беретін арнайы сертификат табысталды. Енді олар білім мен ғылымның қарашаңырағында білім алатын болады», – дейді Жандар Асан.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасының «Әрбір адам үшін қолжетімді болашақ білімі» атты екінші мақсатында Қазақстанның әрбір мектебінде IT-сыныптарын ашу, іргелі ғылымды дамыту үшін жағдай жасау қажеттігі, білім беру жүйесіне үздік мамандарды тарту және оқу процесіне цифрлық технологияларды кеңінен енгізуді жүзеге асыру сынды мәселелер көтерілді. Бұл міндетті жүзеге асыру бағытында Қыздар университетінде бірқатар жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, оқу орнының жас ғалымдары робототехника бойынша стартап жобалар жасайды. Университет базасында осы тарапта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған арнайы секциялық үйірмелер құру да көзделіп отыр. Онда университет ғалымдары робототехника бойынша өңірдегі жоғары оқу орындарының білімгерлері мен мектеп оқушыларын заманауи зертханалық жұмыстарға тартып, олардың ғылыми әлеуетін көтермек. Мақсат – жастардың робототехника бойынша ғылыми-техникалық шығармашылық қабілетін дамыту. Бұған университеттің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді. Физика-математика факультетінің жанындағы «Робототехника» зертханасы Lego, Аrduino және Raspberry роботтарымен, оқу-әдістемелік және бағдарламалық нұсқаулықтармен жабдықталған.

«Нұр Отанның» «Рухани жаңғыру» шеңберіндегі жобаларынан кітапханалар да тыс қалған жоқ, кітапхана қорын цифрландыруды қолға алды. Бұл тарапта да оқу орнының Ғылыми кітапханасында бірқатар жұмыстар жүйеленіп, әдебиеттер цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.