Қазақстанда киік санағын әуеден дрон көмегімен жүргізеді

07.08.2019 20:40

Қазақстан аумағында қалған киіктер саны 334 мыңды құрайды

Фото habr.com

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы маңында киіктер санағын жүргізетін ұшқышсыз ұшатын қондырғы сынақтан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Каспий Құбыр консориумына» сілтеме жасап.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің есебінше, бүгінде Қазақстан аумағында қалған киіктер саны 334 мыңның шамасында.

«Соңғы кезде браконьерлермен белсенді күрес жүргізіліп келетінін білесіздер. Киік басы санын сақтап қалу күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Таяуда «Каспий Құбыр Консорциумы» киіктерге тағатын спутникті 30 қарғыбау тарту етті. Мұндай қарғыбаудың көмегімен киіктер қозғалатын жол бағытын біліп отыруға болады. Соңғы кезде орман қорына да шабуыл жасалып келеді. Сондықтан, жаңа технологиялардың көмегімен қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейту керек», - дейді Мағзұм Мырзағалиев.

«Каспий Құбыр Консорциумы» бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин алдағы уақытта бизнес пен мемлекеттің серіктестігі аясында экологиялық бағдарламаларын әлі де жалғасатынын жеткізді.

«Қазақстанда 30-40 жыл бұрын киік саны 2 миллионнан асатын. Бүгінде олардың саны күрт төмендеп кетті. Ал кейбір көрші мемлекеттерде дала жануары мүлдем жойылып кетті. Сондықтан, біз осы жануарлар қорын аман алып қалу үшін шамамыз келгенше көмек көрсетеміз», - дейді Қайыргелді Қабылдин.

Оның пайымынша, жануарлар қорын сақтап қалуға ғалымдар мен эколог мамандар, бизнес субъектері де атсалысуы қажет. Айта кетейік, бүгін сыналған дрондар шет мемлекеттерде, әсіресе, көршілес Ресейде кеңінен қолданылып келеді. Қанатының ұзындығы 3 метрден асатын қондырғының салмағы 12 келі. Аппарат аспанда 4,5 сағатқа жық уақыт қалықтайды. Шамамен 100 шақырым алқаптағы көріністі фото-видеоға түсіре алады.