Қазақстанда оқушылар арасында коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп келеді

28.12.2020 20:40

Ол туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты

Almaty.tv

Қазақстанда оқушылар арасында коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп келеді. Ол туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Оның сөзінше, оқу жылының басынан бері 3 600-ден астам оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Соған қарамастан үшінші тоқсаннан бастап мектеп бітіруші сыныптар үшін аралас оқытуға, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері үшін штаттық оқытуға рұқсат беру жоспарланып отырған көрінеді. Жалпы алғанда Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз деді вице-министр.

«Оқушылар арасында коронавирус жұқтырып, ауырып қалғандар көбейіп жатыр. Оқу жылының басынан бері 3 658 бала коронавирус инфекциясын жұқтырған жағдай тіркелді. Оның ішінде 994 оқушы кезекші сыныптарда оқыған, бұл дегеніңіз офлайн режимде оқып жатқан оқушылардың жалпы санынан 0,1 пайыз. Ал қалған 2 664 бала қашықтан оқиды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов.