Алматыда тағы бір жекеменшік мектеп ашылды

03.09.2021 20:42

Салтанатты шараға ата-аналар мен ұстаздар және жергілікті әкімдіктен арнайы өкілдер қатысып, құттықтау сөз сөйледі

Алматыда 120 балаға арналған жекеменшік мектеп ашылды. Наурызбай ауданында орналасқан оқу ордасы 1 мен 4-сынып оқушыларын даярлап, білім нәрімен сусындатпақ. Мұнда ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады, деп хабарлайды Almaty.tv

Бүгін Ақжар шағын ауданында бастауыш сынып оқушыларына арналған Upstream Zerek атты жекеменшік мектептің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға ата-аналар мен ұстаздар және жергілікті әкімдіктен арнайы өкілдер қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл соңына дейін 1000 мектеп салу тапсырмасы іске асып жатыр. Жалпы аудан құрылғалы 1200 орындықтан 2 мектеп салынды. Қосымша 1800 және 1500 орындық мектептің жаңа құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысаналиев.

Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген мектепте бастауыш сынып оқушыларына арналған 9 кабинет, 1 спорт зал және асханасы бар. Әзірге білім қабырғасы оқу жылын 10 ұстаз, 30 баламен бастап отыр.

«Мектебіміздің аумағы 20 соттық жерде 1000 шаршы метр. Мектебіміз былтыр қыркүйек айынан бастап салынды. Бүгін салтанатты шарамызды өткізіп, балаларға әліппе кітабын табыстадық», – деді мектеп директоры Ғалия Сатыбалдина.

Балаларын жетектеп әкелген ата-аналар да оқу ордасының ашылғанына қуанышты.

БЛИЦ:

– Бүгін ұлымды 1-сыныпқа алып келдік, қазақ сыныбына. Бұл мектепті таңдаған себебіміз, үлкен қызым осы мектептің ағылшын орталығында болған болатын.

– Осы мектепке немеремді алып келдім. Бұл енді тәуелсіздігіміздің 30 жылдығындағы ерекше құбылыс. 

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бүгінде Наурызбай ауданында 17 мектеп бар. Оның 9-ы мемлекеттік болса, 8-і жеке меншік.


Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтбасов «Алматы» телеарнасы