Азаматтық қорғау академиясына студенттерді қабылдау басталды

09.02.2022 20:47

Оқу орнына орта білімі бар, 16 жасқа толған және денсаулығы әскери қызметке жарамды үміткерлер қабылданады

Almaty.tv

Алматыдағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына студенттерді қабылдау басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқу орнына орта білімі бар, 16 жасқа толған және денсаулығы әскери қызметке жарамды үміткерлер қабылданады. Курсанттарды оқыту республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Курсанттар оқу кезеңінің 4 жылында тегін киім-кешекпен, 4 мезгіл тамақпен, жатақханамен қамтылады және мемлекеттік шәкірақы төленеді. Сондай-ақ олардың жазғы демалыс кезінде ауыл-аймаққа барып келуі үшін жол жүру ақысын өтеп беру де қарастырылған. Кейіннен олардың бәрі де республикамыздың түкпір-түкпіріндегі Төтенше жағдайлар департаментіне өрт сөндіру қызметіне жұмысқа тұра алады.

Айта кетейік, бұл – офицерлерді даярлайтын Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны.

«Азаматтарды күндізгі оқу бөліміне қабылдау 4 кезең арқылы жүргізіледі. Алдымен комиссия олардың жеке ісімен танысады. Кейіннен олардың денсаулығының әскери қызметке жарамды екені тексеріледі. Бекітілген нормативтерге сəйкес дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтан өтеді. Академияға түсуге ниеттілер Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті кадр саясаты басқармасына яғни, Байзақова 300 мекенжайында орналасқан ғимаратқа келсе болады», - деді Төтенше жағдайлар департаменті кадр саясаты басқармасының басшысы Сәуле Шакалова. 

Айта кеткен жөн, Алматыда өрт сөндіру қызметкерлерІ мен құтқарушылар саны жыл санап артып келеді. Биыл қалалық төтенше жағдайлар департаментінің штаты бірден 262 адаммен толықты.