Алматыда математика бойынша өткен республикалық олимпиада аяқталды

06.11.2023 20:49

Жазда басталған жарысқа елдің түкпір-түкпірінен 30 мыңнан астам оқушы қатысты

Almaty.tv

Алматыда математика бойынша бастауыш және орта сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиада өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Байқауды математика үйрететін онлайн-платформа ұйымдастырған. Алғаш рет өткен білім додасының басты мақсаты – орта білім беретін мектеп оқушыларын ынталандырып, математикалық білімін жетілдіру. Жазда басталған жарысқа елдің түкпір-түкпірінен 30 мыңнан астам оқушы қатысып, жүзден жүйрік шыққандар күні кеше анықталды.

«1-орынға – 500 мың, 2-орынға – 200 мың, 3-орынға 100 мың теңге сыйақы беріледі. Сондай-ақ 100 шақты балаға 1 жыл тегін оқуға грант беріп жатырмыз», – деді онлайн-платформаның негізін қалаушы Асқар Болат. 

Сондай-ақ шарада математик Асқар Жұмаділдаевтің басшылығымен жарық көрген «Әл-Жәбірдің атасы» деген жаңа журналдың тұсаукесері өтті. Алғашқы саны 2 мың данамен жарық көрген басылымның шығуына Ұлттық ғылым академиясы қолдау білдіріп, онлайн-платформа қаржыландырған.

«Менің мақсатым – жастарды ғылымға баулу, шақыру, үйрету. Журналда бірнеше айдар қарастырылған. Солардың бірі – Әл-Жәбірдің терминкубы.Онда терминология жайлы жазылған. Сонымен қатар қазақ қоғамына, ғылымға қатысты үлкен мәселер көтеріледі», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев.