Мұғалімдер жетіспейтін өңірлерге үздік педагогтерді тарту бағдарламасы әзірленеді

12.01.2022 20:52

Шалғай аймақтарға барған мамандардың айлығы басқа коэффицентпен есептеледі

zhaikpress.kz

Тәртіпсіздік кезінде қайтыс болған әскерилер мен сақшылардың балалары үшін жоғары оқу орындарына грант бөлінеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай бастама Президент тапсырмасының аясында көтеріліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Бұдан бөлек, халық тығыз орналасқан аймақтардың және білім беру саласында үлкен алшақтық бар өңірлердің түлектері үшін техникалық бағыттар бойынша нысаналы грант бөлу жоспарлануда.  

«Гранттар Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында оқу үшін бөлінеді. Сондай-ақ оқуын бітіргеннен кейін негізгі тұратын жері бойынша жұмыс өтеу көзделеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерін өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына университеттерде оқу үшін білім гранттарын беру ұсынылады. Бұл да Мемлекет басшысы берген тапсырманың шеңберінде», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Тағы бір айта кетерлігі, педагог тапшы өңірлерге барған мамандардың айлығы басқа коэффицентпен есептеледі. Мұғалімдер жетіспейтін өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірленеді.  

«Өңірлердегі педагогтердің тапшылығы және білім беру саласындағы үлкен алшақтық байқалатын өңірлерге талдау жүргізілді. Бұл өңірлерде жоғары оқу орнын бітірген ең үздік педагогтар тартылады. Осы педагогтерге арнайы әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Соның ішінде жалақыны арттыру бойынша тиісті коэффицент белгілеу, тұратын үйінің төлемін өтеу немесе коммуналдық қызметтер төлемін өтеу сияқты ынталандыру шаралары қарастырылуда», – деді Асхат Аймағамбетов.