Қазақстан робототехника бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанды
Екі мыңға жуық жас өнертапқыш Алматы әкімі кубогына таласып, Tech Cup 2023 чемпионатында бас қосты. Сайысқа еліміздің өңірлерінен және Қырғызстаннан барлығы 150-ге жуық команда жиналған. Жарыс барысында робототехника және дрондар байқауымен қатар, оқушылардың инновациялық жобаларының көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл Tech Cup тақырыбы жасанды интеллект пен шығармашылық төңірегінде құрылған. Чемпионатта жас өнертапқыштар сайысып қана қоймай, «өнердегі ғылыми инновациялар» тақырыбы бойынша жоба ұсынды. Жас қатысушылардың ішінде 9-10 жастағы балалардан құралған, Атырау облысы Құлсары қаласынан келген «Жылыой техник» командасы бар. Жеткіншектер тақырыпты ашу мақсатында жарысқа қызу дайындалған.
– Жобаны жасауға бір ай уақыт кетті. Бір сөзбен айтқанда, технологиямен қамтамасыз етілген мәдениет үйі. Оның ішінде мотормен жұмыс жасайтын, ашылатын қабырға бар. Ашылатын қабырға арқылы қозғалатын экран әмбебап сахнаның циркіне өте алады, – деді қатысушы Нұрислам Мақсұтұлы.
Қазақстан робототехника бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ұйымдастырушылар «оқушылардың әлемдік аренадағы жетістігі – олардың чемпионатқа жиі қатысуының нәтижесі» дейді.
– Чемпионатты инновациялық жобалар, дрондар жарысы, сонымен қатар First робототехника сынды 3 бағытқа бөліп жасадық. Үш түрлі жас ерекшелікке бөлінген. Үш номинация бойынша оқушылардың роботы жарысады, – деді «Алматы дарыны» орталығының директоры Гүлнұр Кәрімғажы.
– Роботты құрастыруда біз модульдік принципті ұстанамыз. Роботтың әрбір адам бір бөлшегін құрастырады. Оны зерделеп, тексеріп, жақсы жұмыс істейтініне көз жеткенннен кейін, конструкция жасаймыз, – деді қатысушы Кәмила Тоқташ.
Деңгейі халықаралық чемпионаттардан кем түспейтін сайысқа әлемдік жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген оқушылар да стартап ұсынып жатыр. Мәселен 10-сынып оқушысы Мардан Мыңжасар тобымен бірге «ақылды үй» бағдарламасын дайындап келген. Бұл жоба бағдарламалауға қызығатындарға жұмыс істеуге көмектеседі.
– Жобаны жасап жатқанымызға 1,5 айдан аса уақыт кетті. Бір ай бұрын Дубайдағы жарысқа қатыстық. Ол көрмеде 20 мың доллар көлемінде инвестиция ұттық. Ары қарай жиынтықты дамытуға және Швейцариядағы жарысқа дайындалалып жатырмыз, – деді қатысушы Мардан Мыңжасар.
Tech Cup Almaty аумағында әлемнің жетекші IT компанияларының сарапшылары жасанды интеллект тақырыбы бойынша сабағын өткізеді. Чемпионаттың жүлде қоры - 10 миллион теңге. Ақшалай сыйлықтардан бөлек, қатысушылар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына грант ұтып ала алады. Сондай-ақ Үндістан, Кипр, Түркия және Индонезиядағы халықаралық чемпионатқа лицензияға ие болады.
Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы қаласының ұстаздары «Үздік педагог» атанды