Бұйрыққа сәйкес, оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 35 апта болса, 2-11 (12) сыныптарда 36 апта оқиды
Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын ұзартуға арналған бұйрық жобасын әзірледі. Құжат "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Бұйрыққа сәйкес, оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 35 апта болса, 2-11 (12) сыныптарда 36 апта оқиды. Оқу жылы ішіндегі каникулдардың кезеңі де белгіленіп отыр. Олар:
күзгі каникул – 7 күн (2022 жылдың 31 қазаны – 6 қараша аралығында);
қысқы – 9 күн (2022 жылғы 31 желтоқсан мен 2023 жылғы 8 қаңтар аралығында);
көктемгі – 9 күн (2023 жылғы 18-26 наурыз аралығында);
1-сыныптарға қосымша каникул – 7 күн (2023 жылғы 6-12 ақпан аралығында) беріледі.
Бұйрық жобасы орта білім беру ұйымдарында 2022 – 2023 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңін айқындайды.
"Қосымша екі оқу аптасын қосу арқылы оқу жылының ұзақтығын ұлғайту бір күндегі сабақтар санын қысқартуға, бес күндік оқу аптасын іске асыруға, "күрделі" тақырыптарды зерделеу қарқындылығын төмендетуге, білім беру процесін дамыта оқыту қағидаттарында ұйымдастыруға мүмкіндік береді", - делінген жобада.
Сондай-ақ, жазғы уақытта каникул күндерін қысқартудың нәтижесінде құқық бұзушылықтар азаяды деген болжам бар.