Робототехникадан жас ғалымдар жеңіске жетті

02.02.2024 21:51

Олар жақында АҚШ-та болатын әлемдік додаға дайындалып жатыр

elements.envato.com

Қазақстандық жас ғалымдар Еуропада өткен робототехниктердің екі жарысында да жеңіске жетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшілері.

10 мен 11 жас аралығындағы балалар қарапайым мектепте білім алады. Ал біліктілігін үйірмеде шыңдайды.

- 4 жасымда қосымшаға барып жүргенде бір жерден робототехника мәнерін көрдім. Содан қызығушылық басталды. Инженер болғым келеді. Себебі олар роботтарды құрастырады және бағдарлама жазады. Соған қызығып жүрмін. Мен болашақта IT саласында оқығым келеді, - дейді мектеп оқушысы Олжас Қуат.

Зерек жасөспірімдердің ата-анасы балалар оқуда да озат дейді. Ғылымға қазірден-ақ бет бұрған ұлдарынан үміті көп. Сондықтан барынша қолдау білдіретінін айтады.

- Біздің ұлдар - заңгерлердің балалары. Осындай IT-технологияға кеткеніне өзіміз де таңғаламыз. Бұл - өздерінің таңдауы. Негізі осындай академиялар мемлекеттен қаржыландырса,  әлі де көптеген жетістіктер көрсететін балалар шығар еді, - дейді оқушының анасы Гүлнәр Қуанышқызы.

Әлемде бой көрсеткен 6 бала қызығушылығының зор нәтижеге әкелгеніне риза. Олар саланы тереңнен зерттеп, болашақта пайдасы көпке тиер жаңа технологияларды ойлап табуды жоспарлап жүр. Қазір олар біліктілігін шыңдап жүрген орталықта олардан бөлек 100-ден аса шәкірт бар.

- Бұл салада біраз жылдан бері еңбек етіп келемін. Оның пайдасы зор екенін білемін. Қазір балалар тек робот құрастыруды ғана емес, ағылшын тілін де жетік меңгеруде. Одан бөлек ұйымшыл болуды үйренеді. Негізі әр баланың қабілеті бар, тек оған уақытында бағыт беріп, жөн сілтей білу керек. Мен оларды оқытқанда барынша қызықтыруға ден қоямын. Баланың өзінде қызығушылық болғанда ғана нәтиже шығады, - дейді робототехника мұғалімі Том Ноа.

Халықаралық деңгейде нәтиже көрсеткен балалар Еуропадағы сайыста өздері құрастырған роботтармен фигураларды себетке жинаудан жарысқан. Онда түрлі тапсырмалар берілген. Қазақстандық оқушылар оны уақытынан бұрын орындап, көзге түскен. Осылайша шетелдіктерден есеп жағынан да, білім жағынан да озып, жеңімпаз атанды. Жақында АҚШ-та болатын әлемдік додаға дайындалып жатыр.

Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, "Алматы" телеарнасы.

Оқи отырыңыз:  «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы: 2027 жылға дейін толық жүзеге асырылады