Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен келді. Алдымен әуежайдың жаңа халықаралық терминалын аралап шыққан Президент құрылысты халықаралық стандарттарға сай жүргізген компания мен осындай маңызды жобаға атсалысқан кредиторлар концорциумына алғысын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ іс-сапар барысында эколог Евгений Мұхаммеджановпен және жол құрылысы және жол жабындылары механикасын зерттеуші ғалым Бағдат Телтаевпен жеке-жеке жүздесіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен жол инфрақұрылымын дамыту перспективалары мәселелерін талқылады. Ғылым ордасына да ат басын бұрған Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесіп, қазақ ғылымының қара шаңырағындағы күрделі жөндеу жұмысы биыл аяқталатынын жеткізді. «Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды» деген ол ғылыми әлеуетті арттыру қажет екенін атап өтті.
– Табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек. Бұл ретте ғалымдарымыз кабинеттерінде тып-тыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс. Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс атқарылып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінше, қаралып жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасында ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілмек. Сондай-ақ Президент алапат тасқын салдарынан ондаған мың отбасы зардап шеккеніне тоқталып, «отандық ғылымның тағы бір маңызды міндеті – табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау әрі оның алдын алу» деп атап өтті.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысыАлматы әуежайының жаңа халықаралық терминалына барды