Алматылық оқушы бас жүлдені иеленді

18.04.2023 00:25

Байқауға елдің түкпір-түкпірінен 450 оқушы қатысты

Almaty.tv

Алматылық оқушы республикалық байқаудан бас жүлдені қанжығасына байлады. Астанада жас веб-сайт әзірлеушілер мен веб-дизайнерлер бақ сынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

7-сынып оқушысы Айнұрдың кезекті жарысы Елордада өтті. Байқауға елдің түкпір-түкпірінен 450 оқушы қатысып, 4 санат бойынша жобаcын жіберген. Олардың арасынан Астана, Алматы, Өскемен және Қарағанды қалаcынан 40 бала іріктеліп, ақтық сынға жолдама алды. Ал соның ішінен алматылық оқушы үздік шыққан.

«IT, информатика саласында ғана емес, көптеген жарысқа, олимпиадаға қатысамын, алгебра, қазақ тілінен және басқа да пәннен ғылыми жобаға, көптеген олимпиадаға барамын. Бірінші кезең онлайн өтті. Екінші кезең Астана қаласында оффлайн болды. Мен бірінші орын алдым», – деді Байқаудың бас жүлдегері Айнұр Елмұратқызы.

Қатысушылар жас ерекшеліктері бойынша, «Салауатты өмір салты» және «Қалдықсыз өмір» тақырыбында сайт жасаған. Ал әділқазылар алқасының айтуынша, 10-ға жуық жоба кәсіби маманның жұмысымен пара-пар.

«Үш күн ішінде бізге жоба жасап жіберуге мүмкіндік берілді. Жобамызды ұсынғаннан кейін нәтижесінде финалға өтіп, осы 14 сәуір күні Астана қаласында «Ел үміті» қоры ұйымдастырған олимпиадада веб дизайн бойынша оқушым Елмұратқызы Айнұр жеңімпаз атанды», – деді №17 мектеп-интернатының мұғалімі, жоба жетекшісі Гүлзат Балғымбаева.

«Шәкіртіміз  үшін қуаныштымыз. Ол біздің мақтанышымыз. Алдағы уақытта да осындай үлкен жаңағы олимпиадаларда жетістікке жетеді деген үміттеміз», – деді №17 мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Құттықыз Нышанбаева.

Жүлдегерлерге құнды сыйлықтар табыс етілген. Жарыс соңында байқауға қатысқандардың барлығы кәсіби мамандардың шеберлік сағатына қатысуға мүмкіндік алды.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы