Балабақшалар бағдарламаны қолданысқа енгізуге дайындалып жатыр
Елімізде мектепке дейінгі мекемелер енді ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып тәрбие бермек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде жаңа бағдарлама қабылданып, балабақшалар оны қолданысқа енгізуге дайындалып жатыр. Жалпы жаңа тәжірибе Қазақстандағы 39 мектепке дейінгі мекемеде тексеруден өтіп жатыр. Алматыдағы №187 бөбекжай асық технологиясы, қазақтың аңыз бен ертегілерін аудио түрінде айтатын мобильді кітапхана ашқан. Сондай-ақ ұлттық нақышта көркемделген, үнемі қазақтың халық әуендері шырқалатын тұзды үңгірді қолданысқа берді. Осылайша балабақша ерте жастан балаларды ұлтын сүйетін тұлға етіп дайындайды.
«Үлкеннің тілін алу, оларды құрметтеу, кішілерге жанашырлық таныту деген ұлттық құндылығымызды әжелеріміз балалардың ойына салып отырған. Бүгінгі таңдағы мақсат – мектеп жасына дейінгі баланы жалықтырмай, ойын арқылы ұлттық құндылықтарымызды негізінде тәрбиелеу», – деді «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директорының орынбасары Мәрия Ерманова.
Сондай-ақ ел Президентінің жолдауында айтылған маңызды мәселелердің бірі тәрбиешілерге қатысты болатын. Енді олардың жұмыс жүктемесі екі есе азайтылмақ. Ал еткен адал еңбекпен тапқан жалақысы артатын болады. Әзірге елімізде түрлі әдістер тәжірибеден өтіп жатыр. Солардың ішінде ең тиімдісі таңдалатын болады.
«Министрлікте апробация жүріп жатыр. Бір топта екі тәрбиеші деген. Бізде 2 тәрбиеші бар. Бірақ бұған дейін олардың біреуі түске дейін, біреуі түстен кейін жұмыс істейтін. Талқыланған мәселе –тәрбиешілердің жалақысын арттыру, оларға берілетін жүктемені азайту», – деді «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директорының орынбасары Мәрия Ерманова.