Талантты жастарға тек ел ішінде ғана емес, шетелдің іргелі университеттерінде оқуға жол ашылды
Ел беделі – білімді жастар. Тәуелсіздіктің 30 жылында жастардың сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасалды. Заманауи оқу орындары мен мектептер бой көтерді. Бәсекеге қабілетті мыңдаған маман даярланды. Талантты жастарға тек ел ішінде ғана емес, шетелдің іргелі университеттерінде оқуға жол ашылды. Осындай мол мүмкіндіктерді жібермей, бүгінде абырой биігіне шыққан азаматтар туралы Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалында.
«Әр қазақ баспаналы болсын!». «Әрекетке берекет» деген сөздері ел арасында қанатты нақылға айналып кеткен Дәулет Мұқаев бүгінде халықтың құрметіне бөленген қоғам белсендісі. Жас болса да қайырымды істерімен, көңілге қонымды кеңестерімен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға талпынады. Оның мұндай қарым-қабілеті оқушы кезінде-ақ байқалған. Мектепте түрлі деңгейдегі олимпиадаларға белсенді қатысып, жеңімпаз атанған. Әсіресе «21-ғасыр көшбасшысы» телевизиялық жобасында білімімен ерекше көзге түсті. Оқып-тоқығаны жарқын жол ашты. Президенттің қолынан «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін алғанының өзі оның еңбегіне берілген жоғары баға деуге болады.
«Біз бірнәрсені түсінуіміз керек: дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін бізге білім керек. Сол дамыған елдердің қатарына, көшіне ілесуіміз үшін міндетті түрде оқу керекпіз, білім жинақтау керекпіз. Ол тек қана әріп қана танып қою жеткіліксіз, бұл жерде айтылып отырған мәселе академиялық білім, оқу-тоқу. Сонымен қатар, білімді елге көрсету, жиналған білім іште қалып қоймау керек», – деді қоғам белсендісі Дәулет Мұқаев.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының биржа төрағасы Ренат Бектұров та мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған. Қарапайым отбасында тәрбие алған ол оқушы кезінде республикалық әртүрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарында топ жарған. Пікір-сайыс алаңдарында да тұщымды ойларымен, мол білімімен ерекшеленіпті. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің халықаралық қатынастарын оқып, кейін «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда Лестер университетінде қаржы және банк ісі бойынша магистратураны үздік тәммадаған. Бүгінде Президенттік жастар кадр резервінің тізімінде 300 адамның ішінде көш бастап тұр.
«Қазақстанның 30 жылдық тәуелсіздік кезеңінде ең үлкен жобаларының бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Бұл көптеген жастарға болашаққа деген жол ашты. Оның ішінде өзім де бармын. Егерде болашақ бағдарламасы болмаса, мына қарапайым медбике мен жүргізушінің жанұясында дүниеге келген мен үшін шетелде оқу тек арман болып қалар еді. Осы «Болашақ» бағдарламасының арқасында шетелге барып, ел көріп, жер көріп, білімімді шыңдап, бүгін міне, қаржы саласында бір орнымды алып отырмын», – деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржа төрағасы Ренат Бектұров.
Кейіпкерлеріміз білім-біліктіліктерімен «талпынған жетер мұратқа» деген нақылды айғақтап тұрғандай. Бастысы, олардың арман-мұраты – туған халқына абыройлы қызмет ету, артылған сенімді ақтау. Тәу етер жалғыз киеміз – тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға өз білімдерімен, еңбектерімен үлес қосу.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы