Цифрлық теңге: асханаға тегін тамақ ішуге мүлдем бармайтын оқушылар анықталды

20.03.2024 00:31

Жоба балаларды тамақтандыруға бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуын бақылайды

Almaty.tv

«Әр теңгені қадағалуға болады». Алматыда мемлекеттік «Цифрлық теңге» жобасы аясында «Цифрлық ваучер» пилоттық жобасы алғашқы нәтижесін көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін қалалық «Антикор орталығы» алаңында мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қатысуымен жаңа жүйені талқылау өтті. 3 ай бұрын № 201 мектеп гимназиясы алғаш болып «Цифрлық ваучер» технологиясын іске қосқан. Жоба арқылы балаларды тамақтандыруға бөлінген қаражаттың тек көзделген мақсатқа жұмсалатынын бақылауға болады. Оқушылардың қауіпсіздігін де назарда ұстайды.

– Цифрлық ваучер жобасының негіздемесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тұжырымдамасында көзделген. Ол 2022-2026 жылға бағытталған. Үш айдың ішінде жобаның тиімділігі және білім саласындағы бюджет қаражатының жұмсалуына оң әсерін тигізетініне сенеміз. «Цифрлық ваучердің» тәжірбиесін әрі қарай басқа да облыстарға кеңінен таратуға ұсыныс берілді, – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахымов.

Пилоттық жобаны 3 ай сынау кезінде тегін тамақпен қамтамасыз етілген 645 баланың 60-қа жуығы асханаға мүлдем бармаған. Қала бойынша бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыру үшін шамамен 20 млрд теңге бөлінген. Сарапшылар цифрлық жүйені барлық мектепке енгізсе, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге болатынын жеткізді.

Оқи отырыңыз: Ертегілер әлеміне саяхат: Алдар көсе балалармен ән айтты