Биология, химия, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері тәлімгерлік бойынша біліктілігін арттыру курстарына қатысуда
Алматылық жоғары сынып оқушылары жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өтіп жатыр. Бұл пилоттық жоба таңдаулы сыныптарда жүзеге асуда деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, биология, химия, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері тәлімгерлік бойынша біліктілігін арттыру курстарына қатысуда. Айта кетейік, бүгінде республика бойынша 4500-ден астам ұстаз біліктілігін жетілдіріп жатыр.
«Информатика пәні ағылшын тілімен тығыз байланысты. Біздің компьютердегі бүкіл бағдарлама ағылшын тілінде. Бағдарламалау да ағылшынша. Қазір оқушылардың тілді үйренуге деген қызығушылығы артты, себебі компьютерде жаңа әдіс-тәсілдерді ағылшын тілінде жүргізу арқылы сабақ өтіп жатырмыз», - дейді мұғалім Тоқтасын НАБИЕВ.
«Әр тоқсан сайын семинар өткізіп отырамыз. Мысалы, 3-тоқсанда 24 академиялық сағат өткіздік. Осы тоқсанда 33 академиялық сағат өткіземіз. Бұл – теориялық сабақтар. Бұл сабақтарда 4-тоқсанның тақырыптарын қамтимыз. Яғни, физика мұғалімі 4-тоқсанда болатын тақырыптардың барлығына алдын ала даярланып, дайын болып кіреді. Оларды USTAZ орталығының оқытушылары оқытуда. Семинар уақыты 4 күнге созылады», - деді «USTAZ» кәсіби оқыту орталығы Алматы қаласы бойынша бас менторы Ерлан Хайрлин.