Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі штаб отырысы өтті
Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі штаб отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн форматта кәмелетке толмағандармен жұмыс бойынша жедел әрекет ету штабының отырысын өткізді. Отырысқа орта және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, ҮЕҰ өкілдері мен білім және психология саласының сарапшылары қатысты.
Штаб отырысының негізгі міндеті – кәмелетке толмағандар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу әдістерін жетілдіру. Бұл қиын өмірлік жағдайдағы кәмелетке толмағандарға әлеуметтік-психологиялық қолдау жасау және қолдау шараларын қамтамасыз ету үшін қажет.
Штаб мүшелері қалада орын алған дағдарыстық жағдайларды қарастырды және жалғасып жатқан пандемияны ескере отырып, кәмелетке толмағандардың эмоционалды көңіл-күйі мен мазасыздық деңгейін диагностикалау бойынша көп деңгейлі жұмыс жоспарын талқылады. Отырыс барысында Алматы қаласы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Ж. Шонжанова, білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының психологиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Э. Алиева, «Bilim Foundation» ҚҚ аймақтық филиалының басшысы В. Коканова, сондай-ақ психикалық денсаулық орталығының өкілдері сөз сөйледі.
Сонымен қатар, білім берудің дәстүрлі форматына оралу аясында оқушылардың эмоционалдық жағдайын талдауды күшейту және «тәуекел топтарын» анықтау, сондай-ақ ата-аналармен өзара әрекеттестікті күшейту бойынша сараптамалық пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ офлайн режимде оқуға қолайлы жағдай жасау үшін қауіпсіздік шараларын, оның ішінде эпидемиологиялық шараларды сақтаудың маңыздылығына назар аударылды.
Әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров пандемияның кәмелетке толмағандардың психологиялық жағдайына кері әсерін ескере отырып, білім беру мекемелерінің психологиялық қызметі жұмысының бірыңғай қалалық алгоритмі мен әдістемесін әзірлеуді тапсырды. Психологиялық қызметтің тиімділігін және медициналық кабинеттердің жұмысын жақсарту бойынша қосымша шараларды әзірлеу тапсырылды. 2022 жылдан бастап мектептер мен колледждердегі кризисті оқиғалардың саны мектеп әкімшілігі мен аудандық білім бөлімінің сапалық көрсеткішіне айналады.
Еске салсақ, бүгінде Алматы қаласындағы 207 мектепте 360 жоғары білімді психолог жұмыс істейді. Мектеп психологтары үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. 2020 жылы 153 психолог курстардан өтті. Өмірлік қиын жағдайға немесе эмоционалды ауытқушылыққа тап болған адамдар үшін 376-56-60, 116-16 нөмірлері бойынша Алматы қаласының бірыңғай байланыс орталығымен біріктірілген кризис жағдайындағы сенім телефоны жұмыс істейді. Бұл ретте балалар мен жасөспірімдерге арналған 150 нөмірі бойынша сенім телефоны жұмыс істейді.