Баланы ақылы мектепте оқытуға халықтың қалтасы көтермейді
Ақтауда мектеп тапшы. Әсіресе жаңадан салынған елдімекен тұрғындары балаларын қайда оқытарын білмей дал. №17 шағынауданның халқы бірнеше жылдан бері салынуы тиіс мемлекеттік білім мекемесінің құрылысы әлі басталмай жатыр деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақтаудағы №17 шағынаудан тұрғындарының мектеп мәселесін айтып келе жатқанына 5 жыл болыпты. Қаланың бас жоспары бойынша мұнда бір мемлекеттік білім мекемесі мен балабақша салынуы тиіс. Бірақ бөбекжайдың орнына жекеменшік мектеп салына бастаған. Ал балаларын ақылы мектептерге беруге халықтың қалтасы көтермейді. Мемлекеттік мекеме іздеп, басқа шағынаудандарға сабылып жүр. Биыл бұл мектептер 1-сынып балаларына орын жоқ деп отыр.
– Барлық жерде жеке мектеп мектеп ашып тастаған, айына 60 мың теңге төлеу керек. Сонда мемлекеттік мектеп қайда? – дейді қала тұрғыны Гүлгүл Балмұрзиева.
– Ақтау қаласының бас жоспары бойынша балабақша жекеменшік мектеп болып ауысты. Ол жерде қазір ақылы мектеп салынып жатыр, – деді қала тұрғыны Жанира Рашитқызы.
Күн суықта балалардың мектепке барып-келуі тіпті мұңға айналады. Оқушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар білім ордасының құрылысын тездетуді талап етіп отыр. Ал жергілікті әкімдік балабақшаның орнын жекеменшік мектеп басатынын растады. Он жыл бұрын сол орынға жекеменшік мектеп пен балабақшаны қатар салу жөнінде меншік иесіне құқық берілген көрінеді.
– №17 шағынауданда орналасқан 25-участок қазіргі таңда бас жоспарға сәйкес, балабақша мен бастауыш сыныптар оқитын мектеп құрылысына арналған. Бүгінгі таңда жүріп жатқан құрылыста барлық рұқсат құжаты рәсімделген, – деді Құрылыс және сәулет бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Сембаев
Ақтауда «Жайлы мектеп» бағдарламасымен барлығы 12 мың орындық 8 мектеп салу жоспарланған. Биыл 6 білім ордасының құрылысы басталып, бір жылда аяқталуы тиіс.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау