Жемқорлықпен күресетін мамандар қашықтан оқытудың сапасын бақылайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мамандар қаладағы 205 мектеп пен 38 жоғары оқу орындарының басшыларымен кездескен екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жемқорлықпен күресетін мамандар қашықтан оқытудың сапасын бақылауға шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осылайша олар енді қаладағы жоғары оқу орындары мен білім ошақтарын аралап, онлайн сабақтың қалай өтетініне мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, жемқорлық деректерінің де алдын алуды көздейді. Егер ондай деректі көз көрсе, бірден жедел желіге хабарласуды cұрайды.

Алматыда қазір студенттер, келесі аптадан бастап оқушылар қашықтан оқуды бастайды. «Саналы ұрпақ» жобасы аясында мамандар жоғары оқу орындарының бірін тексеру үшін арнайы барды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 5 мың оқытушы бар. Ұстаздарға қашықтан дәріс беруге барлық жағдай жасалған. Дегенмен онлайн оқыту еліміз үшін таңсық дүние емес. Сондықтан осындай уақытша жүйе енгізілмей тұрып, мамандар қаладағы 205 мектеп пен 38 жоғары оқу орындарының басшыларымен кездескен екен.

«Негізі республикалық «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің мақсаты – білім мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықты жоюға және өскелең ұрпаққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру және сапалы білім беру болып табылады. Біз төтенше жағдай кезінде ЖОО, коллеждерде білім сапасы төмендеп кетпес үшін мониторинг жүргіземіз», – деді  «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан ТОҚЫШЕВ.

Мониторинг жүргізудегі басты мақсат оқу процессінің жүргізілуін бақылап ғана қоймай, білімнің сапалы, ал бағаның әділ қойылуын қадағалау. Әзірге қалада оқытушыға шағымданған студент тіркелмеген.  

23 мың студентті сыйдырған университеттің аудиториялары бос тұр. Дегенмен бұл да білім алуға кедергі емес. Қашықтан оқып жатқандардың басын енді конференция біріктіреді. Студенттердің сөзінше, үйде отырып сабақ оқудың да тиімді тұстары көп.

«Сабақ берумен қатар жаңағы әртүрлі тапсырмалар алып, тікелей көзбе-көз жаңағы бейнежазба түрінде студенттермен жұмыс жасай алады. Бұл онлайн сабақтар өте ыңғайлы. Өйткені үйде отырып, онлайн режимінде не істеп жатқанымыз, қалай тапсыру қажеттігін барлығын тікелей жеткізуге болады», – деді  студент Елдар НҰРҰЛЫ.

«Универ жүйесінде, модуль жүйесінде және де ютуб стримминг, зум, телеграм, скайп, ватсап желілері арқылы қазіргі таңда мұғалімдер мен студенттер арасында байланыс орнатылып жатыр. Бұл жерде екі бағытта жұмыс жүреді: онлайн және оффлайн. Оффлайн режимінде универ, модуль жүйесінде тапсырмаларын студенттер оқушыларға жіберіп отырады», – деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жағдайатты басқару орталығы директорының орынбасары Ернар ОҢАЛБЕКОВ.

Егер де сыбайлас жемқорлыққа байланысты деректі көз шалса, қол сілтемеңіз! Бірден Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне болмаса агенттіктің тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 колл-центріне хабарласыңыз!

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы


Новости партнеров