Елімізде ұлттық біріңғай тестілеуден жоғары балл жинаған 10 мыңнан астам түлек грантқа ілікпей қалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тегін оқуға түсе алмай қалған түлектерді үміт үзбеуге шақырып, үндеу жасады.Жоғары оқу орнына түсе алмаған жастардың әлі де мүмкіндіктері бар. Жауапты ведомствоның басшысы бұл тұста, ең алдымен, талапкерлер бас тартатын грантқа мүдделі болу керек дейді. Мәселен, бір ай көлемінде шамамен 3 мыңға жуық түлек тегін оқудан құжатын қайтаруы мүмкін. Сәйкесінше, олардың жолдамасы келесі жоғары балл иесіне өтеді. Одан бөлек, жергілікті әкімдік пен университет ректорлары ұсынатын гранттар бар.
- Үш мыңға жуық босап жатқан грантты қыркүйекте тарататын боламыз. Бірақ ол автоматты түрде болады. Ұлттық тестілеу орталығындағы жүйенің ішінде сол мамандық бойынша грантқа талап еткен балаға жоғары баллмен автоматты түрде грант беріледі, - деді ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Мемлекеттік грант иелерінің тізімінде аты жарияланбаған оқушыларға жоғарыда аталғандардан бөлек, тағы бірнеше мүмкіндік қарастыруға болады. Мәселен, игерілмеген мыңдаған гранттың қайта үлестірілуі. Немесе «Қазақстан халқына» сынды қорлар мен жекелеген ұйымдардың жеңілдігіне өтініш беру. Біз мысал етіп алған қор биыл 850 талапкерді тегін оқумен қамтимыз депті. Сол сияқты Яссауи атындағы университет те Түркия Республикасының 500 грантты ұсынған. Ал Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант бөлген. Бұл аталғандар елдегі 18 жетекші жоғары оқу орнына үлестіріледі.
- Оқушыларымыздың көбі тиісті деңгейде өз білімін көрсету арқылы берілетін гранттарға өтпей қалған. Соған орай, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 10 педагогика мамандығына грант тағайындалды. Әлі де жұмыстар атқарылады, - дейді Білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.
Айта кетейік, Қарағанды облысында да мемлекеттік грантқа іліге алмай қалғандар үшін бірнеше мүмкіндік қарастырылып жатыр. Өйткені, өңірде 7 мыңнан астам түлек мектеп бітірді десек, оның 133-і Алтын белгі иеленіпті. Бірақ тестілеуден өте алмай, жеңілдіктен қағылғандары көп. Ал ел көлемінде бакалавр бойынша 78 мыңнан астам грант қарастырылған.
Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды облысы.
Оқи отырыңыз: Су тасқынынан зардап шеккен аймақта мектеп құрылысының қарқыны қалай